Ірі көтерме базарларда «ұйымдасқан топтар» заңсыз әрекет етеді — Премьер-министр

АСТАНА. KAZINFORM — Ірі көтерме базарларда «ұйымдасқан топтар» заңсыз әрекет етеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

базар в Ташкенте
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

— Сауда министрлігі көтерме-тарату инфрақұрылымын дамыту, заманауи сақтау және логистика қуаттарын құру жұмыстарын жандандырсын. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуін тежеуге тұрақты мониторинг жүргізіп, тиісті шаралар қабылдауды жалғастыру қажет. Сондай-ақ Сауда министрлігі өңірлермен бірлесіп, ішкі нарықты отандық өнімдермен толықтыру, делдалдық схемаларды анықтау және цифрландыру арқылы жеткізу тізбектерін қадағалау жұмыстарын күшейтсін, — деді Үкімет басшысы.

Осы орайда Олжас Бектенов Сауда министрі Арман Шаққалиевке өткен аптада ірі көтерме базарларда тәртіп орнатуды тапсырғанын еске салды.

— Жасыратыны жоқ, ол жерлерде ел айтып жүргендей, «ұйымдасқан топтар» заңсыз әрекет етеді. Көкөніс, жеміс-жидек, ет және басқа да өнімдердің бағасы ешқандай негізсіз, қолдан көтеріледі. Міне, осыны нағыз делдалдық схемалар деп айтуға болады. Арман Абайұлы, Ішкі істер министрлігімен, Мемлекеттік кірістер комитетімен және Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірге осы мәселемен нақты әрі жүйелі түрде айналысыңыз, — деді Премьер-министр.

Бұған дейін Олжас Бектенов күрделі сыртқы экономикалық ахуалға қарамастан шикізаттық емес сектор бәсекеге қабілеттілігін көрсеткенін айтқан еді.