Р.Минниханов: Сайлау қорытындылары Н. Назарбаевтың беделінің биік екенін тағы да дәлелдеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті атына шетел мемлекеттері мен үкіметтері басшыларынан, халықаралық және мемлекетаралық ұйымдардан, еңбек ұжымдарынан, мәдениет, білім және спорт саласы өкілдерінен құттықтау хаттар легі жалғасуда.

Р.Минниханов: Сайлау қорытындылары Н. Назарбаевтың беделінің биік екенін тағы да дәлелдеді

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Атап айтқанда, Татарстан Республикасының Президенті міндетін уақытша атқарушы Р.Минниханов сайлаудағы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңісі лайықты әрі маңызды екенін атап өткен.

«Әлемге өзінің бірлігін, билікке деген сенімі мен Өзіңіз жүргізіп отырған «Нұрлы жол» экономикалық саясатына қолдауын көрсеткен сайлау қорытындылары Сіздің Ұлт Көшбасшысы ретіндегі беделіңіздің биік екенін тағы да дәлелдеді», - делінген жеделхатта.

БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры міндетін атқарушы М.Мёллер Қазақстан Президентінің жаңа мерзімге сайлауны БҰҰ бөлімшесі мен біздің елдің арасындағы ынтымақтастықты жалғастыруға және кеңейтуге мүмкіндік жасайтынына тоқталған.

Испанияның бұрынғы Премьер-Министрі Х.Сапатеро Нұрсұлтан Назарбаевты қайта сайлануымен құттықтап, екі ел үкіметтерінің жемісті ынтымақтастығына тоқталған және еліміздің гүлденуіне тілектестік білдірген.

Литва Республикасының бұрынғы Премьер-Министрі, Латвия Халықтық партиясының құрметті төрағасы К.Прунскене Қазақстан Президентінің сайлаудағы жеңісі бүкіл халықтың шүбәсіз жеңісі екенін айтады.

«Сіз өз еліңіздің ғана емес, жақын мемлекеттердің де тірегі әрі тұрақтылығының кепілі болып саналасыз. Сіздің көреген саясаткер және мемлекет басшысы ретіндегі бай тәжірибеңіз Қазақстанның мүддесі үшін, оның гүлденуі, сондай-ақ біздің елдеріміз бен халықтарымыздың арасындағы достық және тату көршілік қарым-қатынастарды нығайту үшін бұдан әрі де қызмет ете беретініне сенімдімін», - деп жазады автор.

Дүниежүзілік экономикалық форумның негізін қалаушы әрі төрағасы К.Шваб Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен өңірдің бейбітшілігі мен гүлденуіне маңызды үлес қосып жатқанын атап өткен.

«Басты мақсаты елді дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосу болып отырған «Қазақстан-2050» Стратегиясының маңыздылығын Дүниежүзілік экономикалық форум мен Қазақстанның арасындағы алдағы жылдардағы ынтымақтастықты нығайтуға әзірлік тұрғысынан атап өткім келеді», - делінген хатта.

ИСЕСКО Бас директоры Әбдел Әзиз Әт-Туэйджри Қазақстан Президентінің басшылығымен еліміз орнықты даму, гүлдену және әл-ауқатын арттыру бағытында нық жүріп келе жатқанын атай отырып, Нұрсұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық және амандық тіледі.

Испания депутаттар конгресінің төрағасы Х.Морено Қазақстан Президентінің жаңа мандаты екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға мүмкіндік тудыратынын атап өткен.

«Йоббик» партиясының жетекшісі Г.Вона және партияның парламенттік тобы жетекшісінің орынбасары М.Дьёндьёши Қазақстанның Орталық Азия өңірінің көшбасшысы және халықаралық қоғамдастықтың құрметті мүшесі болып қалыптасуын жолындағы теңдессіз ілгерілеуіне тоқталған.

«Біз Қазақстанның соңғы жиырма бес жылдағы табысты дамуы барлық елдер, соның ішінде Венгрия үшін де үлгі көрсетіп, баршаға пайдалы зор тәжірибе беретініне сенімдіміз. Біз елдеріміз әлдеқайда тығызырақ қарым-қатынас өрбітеді және Қазақстан үшін де, Венгрия үшін де көптеген артықшылықтарға жеткізедідеп үміттенеміз», - делінген жеделхатта.

«Эни» компаниясының бас атқарушы директоры К.Дескальци сайлау нәтижесі сенім деңгейінің жоғарылығын, Қазақстан Президентінің дана басшылығымен жүзеге асып жатқан Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатын халық қолдайтынын тағы дәлелдегенін атап өткен.

«Біздің компания өз қызметін 1992 жылдан бері Қазақстанда жүзеге асырып жатқан шетелдік ірі инвестор ретінде елдің экономикалық табыстарына үлесін қосқанын мақтан етеді. Сіздің қолдауыңыз арқылы ынтымақтастығымыз жалғасатынына және Қазақстанның экономикалық дамуына септігін тигізетініне сенімдіміз», - делінген құттықтауда.

«Consolidated Contractors International» компаниясының инжиниринг және құрылыс жөніндегі президенті С.Хури өз құттықтауында Мемлекет басшысының қуатты әрі табысты Қазақстанның әрі қарай гүлденуін қамтамасыз етудегі негізгі рөлін атап көрсеткен.

«Сіздің жаңғыру мен мемлекеттілікке негізделген өршіл реформаларды жүзеге асыруға ұмтылысыңыз жұрттың кең қолдауына ие болғаны анық, бұған Сізге берілген дауыстар саны дәлел. Біз Сіздің көшбасшылығыңызды қолдаймыз. Біз Сіздің ұлы еліңіздің болашағына қатысты көзқарасыңызды құптаймыз», - делінген хатта.