Ірі мөлшерде есірткіні заңсыз сақтаған қос азаматқа қатысты алқабилер кесімі заңды күшіне енді
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Д. Мұхамбет пен И.Күзембаевқа қатысты адамдар тобында алдын ала сөз байласу арқылы өткізу мақсатында аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын заңсыз сақтау фактісі бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 18 маусымдағы үкімін апелляциялық тәртіпте қарады.
Сот үкімімен Д. Мұхамбет пен И.Күзембаев аталған факті бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысына 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
«Бірінші саты сотымен Д. Мұхамбет пен И.Күзембаевтың аса ірі мөлшердегі салмағы 2261,65 грамм „кептірілген марихуана“ және аса ірі мөлшердегі салмағы 381,96 грамм „каннабис шайыры“ есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз сақтағаны анықталған», — делінген хабарламада.
Алайда үкімге келіспеген адвокаттар мен қорғаушылар шағым түсірген.
«Сот алқасы алқабилер құрамындағы соттың сотталғандардың кінәсі туралы тұжырымдары істегі дәлелдемелердің жиынтығы Д. Мұхамбет пен И.Күзембаевтың қорғауға құқығы бар куәлар ретінде берген айғақтарымен, куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, алу хаттамаларымен, үйді тінту хаттамаларымен және қылмыстық іс бойынша өзге де материалдармен расталған», - деп хабарлады Астана қалалық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру және сотта сотталушылардың кінәсінің дәлелденбеуі және ҚПК-нің талаптарын бұзушылықтар туралы өтініштердің уәждері расталмады. Соттың істі алқабилер құрамында қарау тәртібін бұзу фактілері анықталған жоқ.
Алқабилердің қатысуымен шығарылған бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз жоқ.
Сот үкімі заңды күшіне енді.