Р. Нұртазина: Қазақстан халқы Ассамблеясы - көптеген елдерге үлгі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда көптеген жылдар бойы әр түрлі ұлт, мәдениет, діни сенім өкілдері бейбіт өмір сүріп келеді. Бұл біздің тұрақтылығымыздың тамырын айқындап, сыртқы жаһандық әсерлерге қарсы тұруымызға көмектеседі. Елімізде бейбітшіліктің, ынтымақ пен бірліктің сақталуында бірегей қоғамдық институт - Қазақстан халқы Ассамблеясының алатын орны ерекше, дейді саясат ғылымдарының докторы Роза Нұртазина. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтында жазылған.
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ саясаттану кафедрасының профессоры Р. Нұртазинаның айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы - халқымыздың адамгершілігі мен толеранттылығының таңғажайып үлгісі. Көпұлтты мемлекетте ұлтаралық қатынастар мәдениетінсіз толыққанды азаматтық мәдениеттің болуы мүмкін емес. Түсіндіре кететін жайт: интернационалды тілдің болмайтыны сияқты, интернационалды мәдениет те жоқ.
«Қазақстан халқы Ассамблеясының табысты қызметі халықтардың өзара түсіністігін сақтау мен дамыту бағытындағы қызметтің үлгісіне айналды. Бүгінде көптеген елдер Қазақстанның ұлт саясатына қызығушылық танытып, моделін ала бастады.
Астанамен қатар, еліміздің барлық аймақтарында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған ғылыми-сараптамалық кеңестер үлкен рөл атқарады. Ұлтаралық қатнастар саласындағы ғылыми-талдау жұмыстары бүгінде сұранысқа ие және жас ұрпақтың тәрбиесіне тікелей әсер етеді.
ҚХА жанындғы ғылыми-сараптамалық кеңестердің нәтижелі қызметінің бір көрінісі ұлтаралық мәселелердің басым бағыттары бойынша зерттеу жобаларын жасау, халықаралық, республикалық, аймақтық ғылыми-теориялық және практикалық конференциялар, симпозиумдар мен семинарлар, дөңгелек үстелдер және тағы басқа жиындар өткізу болып табылады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғаннан бері республикадағы ұлтаралық қарым-қатынастар экономикалық және саяси реформалар өткізу барысында жаңаланды. Қоғамда еркін ойлау мен толеранттылық нығайып, этномәдени бірлестіктер табысты даму үстінде.
Азаматтардың, әсіресе жастардың арасында мемлекеттік тілді үйренудің табиғи процесі жүріп жатыр. Қазақстанның тілдік байлығы жалпықазақстандық мәдениетті байытып, көпұлтты Қазақстанның бірлігін нығайтатын фактор болып табылады.
Мемлекеттің қолдауымен 11 тілдегі газет-журналдар табысты шығарылып келеді, 44 телестудия 12 тілде, 18 радиостудия 7 тілде хабар таратады, Интернетте ұсынылған контент саны өсіп келеді.
Сонымен қатар, практика Қазақстан халқы Ассамблеясы диаспоралардың тарихи отанымен байланысындағы ұлттық дипломатия органына айналғанын көрсетті.
Қазақстан қоғамын біріктірудегі басты механизм - бұдан әрі даму мүмкіндіктерін айқын көретін қуатты әрі қарқынды көсбасшының айналасына ұйымдасу.
Қазақстан халқы Ассамблеясы өз алдына мемлекеттіктінығайту, адам құқығы мен бостандығын, халық пен мемлекет мүддесін қорғау, жаһандық экономикалық дағдарыс жағдайында жаңа сапа деңгейіне өту сияқты мақсаттар қояды», - дейді ол.