Ірі спорттық және мәдени іс-шара өтетін жерлерге жылжымалы байланыс станциялар орнатылады
АСТАНА. KAZINFORM — Ірі спорттық және мәдени іс-шара өтетін жерлерге жылжымалы байланыс станциялар орнатылады. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков айтты.
— Байланыс сапасына келсек, біз бұл бағытта екі негізгі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Біріншісі — проактивті жұмыс, яғни «ақ дақтарды» анықтаймыз. Қалаларда драйв-тест өткізу арқылы 2024 жылдан бері 1 000-нан астам «ақ дақ» анықтадық. Қазір олардың 80 пайызы жойылып, бұл аумақтарда базалық станциялар орнатылды. Ал 200-ден астам «ақ дақта» жұмыс жалғасып жатыр. Оларды жоюға бірқатар кедергі бар. Соның бірі — жоғарыда айтылған радиофобия мәселесі. Сонымен қатар жер телімдерін бөлу және басқа да мемлекеттік рәсімдерге байланысты қиындықтар кездеседі, — деді ол.
Оның айтуынша, екінші бағыт — азаматтардан шағым түскен жағдайда тексеру жүргізу. Биыл мобильді операторлардың байланыс сапасына қатысты 309 тексеріс өткізілді. Тексеру қорытындысы бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес тиісті қаулылар шығарылып, ұялы байланыс операторларына айыппұл салынды. Қазіргі уақытта айыппұлдар төленді.
— Бұдан бөлек, ірі спорттық матчтар мен концерттер кезінде мобильді операторлармен бірлесіп, қосымша базалық станциялар орнатамыз. Әдеттегі күндері мұндай іс-шаралар өтетін аумақтарда мобильді байланысты 100–200 абонент пайдаланса, концерт кезінде олардың саны 10 мыңнан асады. Сондықтан абоненттер санының күрт өсуін ескере отырып, қосымша базалық станциялар орнатамыз. Қазір осындай ірі іс-шараларды бақылауға алып отырмыз, — деді Дамир Сейсембеков.
Айта кетейік, еліміз интернеті жылдам 55 елдің арасында мобильді интернет тарифінің қолжетімділігі жағынан 7-орында тұр.