Р. Тауфиков: Тұрғындарды, қоршаған ортаны, шаруашылық нысандарын қорғау - мемлекеттік саясаттың басымдықты бағыты
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қала әкімінің орынбасары Румиль Тауфиковтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі Комиссияның отырысы өтті.
Бұл туралы бүгін Алматы қ. ТЖД баспасөз қызметінен хабарлады.
Жиынға Комиссия мүшелері, Алматы қаласының аудан әкімдері, Алматы қ. ТЖД бастығы және азаматтық қорғау қызметтерінің басшылары қатысты.
Күн тәртібінде «Сұңқар» шаңғы трамплиндері кешеніндегі төтенше жағдайларды ескертуде қолданылып жатқан шаралар», «2016 жылға арналған Алматы қаласы әкімдігінің жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жоюдағы Комиссияның Жұмыс жоспарын бекіту» мәселелері қаралды.
Өз сөзінде қала әкімінің орынбасары Алматының төтенше жағдайлардың орын алу жағынан жалпыәлемдік заңдылықтан сырт қалмайтындығын айтты.
«Тұрғындарды қоршаған ортаны, шаруашылық нысандарын дүлей апаттардан қорғау және апат салдарын жою - мемлекеттік саясаттың басымдықты бағыты. Сондықтан, бейбіт өмір мен соғыс жағдайындағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жою үшін міндетті түрде азаматтық қорғау күштері құрылады. Ал олар жеке құраммен және техникамен толықтай жабдықталуы тиіс», - деді Р. Тауфиков.
Жиын соңында төтенше жағдайлардың туындауы және оларды жою бойынша атқарылған қызметтер қорытындыланып, тиісті орындарға бірқатар тапсырмалар берілді.