Race Nation Burabay жарысының жеңімпаздары анықталды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Щучье қаласында кедергілермен жүгірушілердің Race Nation Burabay жарысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарыс «Экстремалды Атлетика» қоғамдық бірлестігінің кəсіпқой командаларының ұйымдастыруымен Щучьедегі шаңғы-трамплин кешенінде өтті. Іс-шараға Ақмола облысы əкімдігінің туризм басқармасы қолдау көрсетті. Жарыстың ашылуына Ақмола облысының әкімі Мəлік Мырзалин қытысып, спортшыларға сəттілік тіледі.
«Қатысушылар ұзындығы 5 шақырымдық жарыс жолында 17 кедергіден өтті. Атап айтқанда, қолмен жүру, саз балшық ваннасы, рампа, ауырлыққа төзу жəне тікенекті сым сияқты кедергілерді бағындырды», - деп атап өтті Race Nation Burabay өкілі Александр Габченко.
Жарысқа 500-ге жуық адам қатысты. Олар Open, Team жəне Elite санаттары бойынша шеберлік байқасты. Қатысушылар түрлі кедергілер арқылы жүгіріп, төзімдерін сынап көрді.
Жарыс қорытындысы бойынша, Elite санаты бойынша күш сынасқан ерлер арасында 29 минут 19 секунд нəтиже көрсеткен солтүстікқазақстандық Ризат Шауəлиев жеңіске жетсе, одан кейінгі орындарды Дмитрий Коломеец пен Степан Кинев өзара бөлісті. Ал, қыздар арасында щучьелік Анна Мельник бірінші келді. Оның көрсеткіші - 34 минут 22 секунд . Одан кейін Наталья Черных жəне Анастасия Астафьева мəреге жетті.
Айта кету керек, жарыс жолын салуға кəсіби спортшылар мен элиталы арнайы əскери бөлімше сарапшылары тартылды. Race Nation құру үшін осындай жарыстарды жиі өткізетін елдердің (Tough Mudder (АҚШ), Super Hero (АҚШ), MUD RUN (АҚШ), The Color Run (АҚШ), Tru Grit (Австралия) тəжірибелері зерттелді. Батыс елдерінде мұндай жарыстарға миллионға жуық адам қатысады.
Бұл жолғы жарыстың жеңімпаздары Ризат Шауəлиев пен Анна Мельник Алматыда өтетін кезеңде бақ сынайтын болады. Сонда жеңіске жеткендер əлем чемпионатында ел намысын қорғайды.