Радикализмге адамдар қандай себеппен ұрынатындығын анықтау қажет - Дәурен Абаев
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Радикализмге адамдар қандай себеппен баратындығын анықтау қажет. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан "Рухани Жібек жолы. Ислам және жастар: қазіргі заманғы сын-қатерлер" тақырыбындағы IV халықаралық діни-ғылыми конференцияда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Қолда бар алтынның қадірін білу де өте маңызды. Өйткені, бүкіл дүниежүзі этникалық, діни, мәдени, әлеуметтік тұрғыдағы бөліністердің дағдарысын бастан кешіріп отыр. Кейде осы алауыздық ашық айқастарға да ұласып кетіп жататындығы өкінішті. Дінді алға тартып, терроризм мен экстремизмді насихаттап жүрген кейбір «қой терісін жамылған» жекелеген адамдардың мәселесі өткір болып отыр", - деді Дәурен Абаев.
Осы орайда министр радикализмге адамдар қандай себеп бойынша баратындығын анықтау қажеттігіне бас назар аударды.
"Оған жекелеген адамдарды гуманистік, интеллектуалдық, мәдени жағдайлар итермелеуі мүмкін. Сондықтан да заманауи зайырлы мемлекеттің дін өкілдері аймақтардағы дәстүрге мән беріп, мәдени бағыттағы, ғылым мен білім саласындағы артықшылықтарды ескеруі тиіс деп ойлаймын", - деді ол.
Айта кетейік, конференция жұмысына Еуразия және Ұлы Жібек жолы елдерінің Бас мүфтилері, дін қайраткерлері, діни саладағы мемлекеттік органдардың басшылары, лауазымды тұлғалар, зиялы қауым өкілдері, жалпы 300-ге жуық делегат қатысып отыр. Жастар жылы аясында өтіп жатқан конференция мақсаты - өскелең ұрпақты деструктивті ағымның ықпалынан сақтандыру, оларға дұрыс діни ақпарат жеткізу, экстремизм мен тероризмнің алдын алу мақсатында Еуразия және Орталық Азия елдері дін қайраткерлерінің күшін біріктіру, тәжірибе алмасу, "Рухани жаңғыру" идеясын насихаттау.