Радио бағдарламалардың болашағы қандай- маман пікірі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада тұңғыш рет радионы дамыту мәселелеріне арналған «Radio Asia 2018» халықаралық конференциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оған Үндістан, Мальдив, Вьетнам, Қытай, Ауғанстан, Түрікменстан, Түркия, Индонезия сынды Азия елдерінің радиожурналистері келді.
«Радионың келешегі өте зор. Және бұл форум шын мәнінде маңызды. Мұнда радиоиндустрия өкілдерімен жиналамыз және үздік тәжірибелерді ортаға саламыз. Бұл кездесулер біздің білімімізді толықтыра түседі. Әсіресе жас мемлекет болып саналатын Қазақстан үшін, оның жас медиасы үшін сарапшыларды әкеліп, кемшіліктерді талқылау шешімі тезірек алға дамуға мүмкіндік береді», - деді Ronnie Stanton Media компаниясының басшысы Ронни Стэнтон.
Оның пікірінше, радионың бәсекеге қабілетті болуы тұтас әлемнің өзекті мәселесіне айналды. Радио өз әріптестерімен ғана емес, YouTube, Facebook желілерімен де аудитория үшін таласқа түсуге мәжбүр.
«Радиоөнім шығаратын компаниялар көп. Жалпы топтан ерекшеленудің жолын іздеу керек. Бұл орайда, аудитория мен контентке зерттеу жүргізу пайдалы. Сондай-ақ, радиостанция қызметкерлерінің құлшынысы да табысқа жетелейтін бір фактор болып саналады. Бізде стратегиялық жоспар, цифрлар мен статистика болуы мүмкін. Бірақ, бұл жоспарды өз ісіне берілген мамандарсыз жүзеге асыра алмаймыз. Мәселен, таңғы 4-те тұрып, ертеңгілік шоу бағдарламаны жүргізетін адам өз ісіне сенуі керек, тыңдармандарды сендіре алатын талантты болуы керек. Таланттар мен түрлі сын-қатерлер туралы айтқанда, менеджментті де ұмытпау керек. Дұрыс менеджмент болмаса, нарықта өз орныңызды табу қиынға соғады», - деп кеңес берді Ронни Стэнтон.
Айта кетейік, елорданың 20 жылдық мерейтойы құрметіне 10-12 шілде аралығында Астанада «Азия медиа диалогы» жобасы аясында семинарлар мен конференциялар өтеді.
Айтулы шара шеңберінде Қазақстанда тұңғыш рет ең ірі салалық конференциялар өтеді және олардың бірі Азия радиосына арналып отыр. 12 шілдеде Азия мен Еуропа БАҚ-тарына ортақ мәселелерді талқылау үшін «Медиа-2020» конференциясы өтеді. Онда Аустралия, Бельгия, Германия, Жапония, Қытай, Еуропа мен Азияның басқа да елдеріндегі жекеменшік және ұлттық телерадиокомпаниялардың басшылары модератор болады.
Астананың 20 жылдығына арналған тағы бір ерекше сыйлық - «ABU Radio Song Festival» халықаралық ән фестивалі болмақ. Бұл - «Eurovision» байқауының баламасы, мұнда Азия-Тынық мұхиты елдерінің өнерпаздары бақ сынайды. Биылғы фестивальда да Үндістан, Мальдив, Вьетнам, Қытай, Ауғанстан, Түрікменстан, Түркия, Индонезия елдерінен жас әртістер қатысады. Ән байқауы «Қазмедиа орталығының» киноконцерт залында өтеді. Кіру - тегін.
Астанаға келетін құрметті қонақтар тізімінде үкіметтік емес медиаұйымдардың жетекшілері, Азия-Тынық мұхиты және Жерорта теңізі елдерінің хабар тарату қауымдастықтарының бас хатшылары, араб таратушылар қауымдастығының жетекшісі, ең үлкен аудиториясымен танымал Үндістан радиосы сынды Азия мен Еуропаның ірі хабар тарату компанияларының өкілдері бар. Осылайша, Азия-Тынық мұхиты елдерінің хабар таратушылар қауымдастығының іс-шаралары Қазақстанда шаралар туризмін дамытуға бағытталған маңызды имидждік жобалар болмақ.
Азия-Тынық мұхиты елдерінің хабар таратушылар қауымдастығы - халық тығыз орналасқан Азия мен Океанияның 69 елінен 292 хабар таратушыны біріктіретін коммерциялық емес ірі кәсіподақ, оның аудиториясы шамамен 3 миллиард адамды қамтиды.

