Рахат Әлиевтің мәселесі Қазақстан мен Австрия арасындағы саяси және сауда-экономикалық байланыстарға нұқсан келтіруі мүмкін ? Мәжіліс депутаты

АСТАНА. Маусымның 10-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспанәлиев/ - Австрия еліндегі демократияны Рахат Әлиев демократиялық мақсаттарға пайдаланып отырған жоқ.

Рахат Әлиевтің мәселесі Қазақстан мен Австрия арасындағы саяси және сауда-экономикалық байланыстарға нұқсан келтіруі мүмкін ? Мәжіліс депутаты
Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Сыртқы істер министрі Марат Тәжинге депутаттық сауал жолдаған Мұрат Әбенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, Қазақстанда аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталып отырған Рахат Әлиевті елге қайтару мәселесінде Австрия мемлекетінің билігі еліміздің ресми органдарының қаншама сұрау салып, тиісті хаттар жолдағанына қарамастан, әлі күнге дейін үнсіздік танытып отыр. «Баршаға мәлім, 2008 жылдың қаңтар айында елімізде сот отырысы өтіп, онда Рахат Әлиевке тағылған айыптар толығымен дәлелденіп, сот оған тиісті жаза белгіледі. Сот органдары Рахат Әлиевтің адам ұрлап, сыбайлас жемқорлыққа және рейдерлікке жол бергенін және қаржылық алаяқтық әрекеттерге барғандығын нақты айғақтармен дәлелдеп берді. Сөйтіп айыпты азамат сот шешімімен 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Мұндай қылмыстар Еуропада аса ауыр саналады. Ең қызығы, қазір бұл іске саяси реңк беріліп отыр. Рахат Әлиев болса Австрия тарапынан жасалып отырған жағдайды пайдаланып, ол елдің демократиясын демократиялық емес мақсаттарға пайдалануда. Соңғы уақытта ол ақпарат құралдары мен интернет жүйесін пайдалана отырып Қазақстанның демократиялық жетістіктерін қаралауға бағытталған ақпараттар таратып жүр. Ол жалған мәліметтерді пайдалана отырып, мемлекетіміздің басшыларына да күйе жағуда. Осыдан келіп, бүгінде Қазақстан қоғамында Австрияға қатысты қылмыскерлерді жасырып-жабатын ел деген көзқарас қалыптасып отыр. Бүгінде қалың көпшілік бізден Рахат Әлиевті экстрадициялау мәселесі бойынша нақты шараларды жүзеге асыруды талап етіп отыр. Осыған байланысты мен Сыртқы істер министрінен Австрияның қазақстандағы елшісі Урсула Фарингер ханымнан Австрия билігінің Әлиевтің ісіне қатысты ешқандай шара қолданбауына ресми түсініктеме беруін талап етуін сұраймын. Меніңше, бұл екі елдің саяси, сауда-экономикалық қарым-қатынастарына нұқсан келтіруі мүмкін деп білемін», деді депутат.