Рахым Ошақбаев Түркиядағы төңкеріс кезінде Стамбұл әуежайында қандай ахуал болғандығын айтып берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұрынғы ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Рахым Ошақбаев Түркияда әскери төңкеріс жасалмақ болған түні Стамбұлға ұшып келген. Әуежайда сол аласапыран уақытта не болғанын ол өзінің Facebook-тегі парақшасында жазып қалдырды.
«Қазіргі уақытта әзірге Түркияға ат басын бұрмауға кеңес беремін. Әсіре сілтегенім емес, бірақ мұнда қауіпсіз емес секілді. Алматыдан Стамбұлға кешкі сағат 9-да келген әріптестеріммен бұл оқиғаны жіті талқылауға мүмкіндік туды. Біз Koc University-ге оқуға аттанып бара жатқан болатынбыз. Мен Fast Track арқылы төлқұжат бақылауына жылдам өтуге мүмкіндік алдым және әскерилер әуежайды жабардың 15 минут алдында ғана өтіп кетіппін. Ал менің әріптестерім төлқұжат бақылауына өту үшін кезекте 2 сағат тұрды, оларға әуежайда қалудан басқа амал болмады. Нәтижесінде, олар кампусқа таңғы 8-де бірақ келді», - деді Р.Ошақбаев әлеуметтік желіде.
Оның сөзіне қарағанда, Стамбұл әуежайындағы жағдай толықтай бақылаудан шығып кеткен.
«Сағат 11-де (кешкі - агенттік) кіру және шығу бағыттарын жауып тастаған, әуежайда қыруар адам жиналып қалды. Шамамен 12-лерде жүздеген адам қару атып кірген. Әуежайдағы адамдар Түркияда әскери төңкеріс жасалып жатқандығынан хабарсыз еді және бұл ДАИШ содырларының лаңкестік әрекеті деп есептеген. Үрейленген жолаушылар да, әуежай қызметкерлері де жүктерін тастап, құлап қалған азаматтарды таптай басып, орталық кіреберістен қаша жөнелді. Олар дүкендерге тығылып, пана табатын жер іздеді. Адамдар айғайлап, әйелдер мен балалар жылап жатты. Кіріп келген әсерилерді көрген халық эскалатордан төмен қарай жүгіріп, ол жерде адамдардың нөпірі бірін-бірі басып жатты. Дүкен сатушылары туристерді жасыруға тырысты. Адамдар жерде жатты. Туристер қайдан пана табарларын білмей дал болды, бірі жарылыс қаупінен үрейленіп, әуежайдан қашу керек деп шешті, екіншісі сыртта атыс болуы ықтимал деп әуежайдағы дүкендерде тығылды. Азаматтарды жартысы әуежай сыртына қарай қашты. Дегенмен, қалаға шығатын мүмкіндіктері болмады. Әріптестерімнің сөздері бойынша, адамдар туған-туыстарына телефон шалып жатты, себебі олар тірі қалмауымыз да мүмкін деп ойлады», - деп атап өтті ол.
Үрей шамамен бір сағаттан соң, әуежайдағылар қандай оқиға орын алғандығын білген кейін сейілген.
«Анықталғанындай, «әуежайға ентеле кірген адамдар - төңкеріске қарсы шыққан Ердоғанның жақтастары екен. Олар ешкімді өлтірген жоқ, ұрып-соғу болған жоқ, алайда өздері тым сұсты болды. Әуежай қызметкерлері адамдардың тастап кеткен жүктерін зал ортасына жинады. Бірақ кейбір адамдар жүктерін таба алмады, мүмкін басқа азаматтар оны қарбалас кезде қателесіп, алып кеткен болуы керек. Шамамен таңғы сағат 4-те метро ашылды және турситердің қалаға шығуларына мүмкіндік жасалды. Метрода қауіп болғандықтан, пойыздар көптеген стансаларда жарықтарын қосып, өтіп кетті. Біздің әріптестеріміз метроға жеткеннен кейін, әуежайда жарылыстар орын алған. Ол туралы жіті ақпарат әлі белгісіз.
Стамбұл әуежайында орын алған оқиға Түркия билігінің қауіпсіздік элементтеріне қатысты бақылауды толықтай жоғалтып алғандығын көрсетеді және жолаушылар мүлдем қорғансыз күйде қалды. Түркияның сыртқы және ішкі ахуалына қатысты қатерлерді ескере отырып, Стамбұл әуежайы азаматтар үшін қауіпсіз емес деген ұйғарым жасауға болады», - деп түйді Р.Ошақбаев.