Рақымшылық заңы жазасын өтеп жатқан 11 мың 985, сотта ісі қаралып жатқан 3 мың 935 тұлғаға қолданды

Бұл туралы бүгін ҚР Жоғарғы Сотының ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығын қорытындылауға арналған брифинг барысында ресми өкіл Оксана Петерс мәлім етті.
Еске сала кетсек, ағымдағы жылдың 22 қаңтарында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігінің жиырма жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңы қолданысқа еніп, 6 айдан соң, яғни шілденің 22-сінде оның қолданылуы тоқтатылды. Ізгілік қағидаты негізінде қабылданған құқықтық-нормативтік акті негізінен орташа және кішігірім қылмыс жасаған жасөспірімдерге, аяғы ауыр және жасөспірім балалары бар әйел адамдарға, зейнеткерлерге, 1-2-3 топтағы мүгедектерге, ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне және оларға теңестірілген тұлғаларға, әскерилердің жесірлеріне қолданылған болатын. Сондай-ақ, рақымшылық ауырлығы орташа қылмыс жасаған және соған орай тағайындалған жаза мерзімінің төрттен бірін өтеген тұлғаларға қатысты да қолданылған еді. Бұдан бөлек, аталмыш заң қолданысқа енгізілгенге дейінгі барлық қылмыстық істер, сонымен қатар соттар әлі қарамаған ауырлығы орташа және кішігірім істер қысқарған болатын.
«Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап, жарты жыл ішінде республика соттары 15 мың 920 тұлғаға қатысты, сондай-ақ жазасын өтеп жатқан 11 мың 985 тұлғаға қатысты, ал сотталушылар бойынша 3 мың 935 тұлғаға қатысты рақымшылық заңын қолданды», - дейді О. Петерс.