Ралли жарыстан әлем чемпионатының Қазақстанда қашан өтетіні белгілі болды

Марат Әбіқаевтың айтуынша, Халықаралық автокөлік федерациясының дүниежүзілік кеңесі өткен айдың соңында отырыс өткізіп, 2017 жылы болатын авткөлік жарыстарының күнтізбесін бекіткен.
«Федерациямыз еліміздің тарихында тұңғыш рет ралли-рейдтер бойынша Әлем кубогінің бір кезеңін өткізу құқығына қол жеткізді. Rally Kazakhstan 2017 жарысының Қазақстанда өтетін уақыты майыр айының 20-27 аралығына белгіленді. Жарыс Маңғыстау облысында Ақтау мен Жаңаөзен қалалары аймағындағы ойлы-қыратты, құмды жерлерде жүреді», - деді Марат Әбіқаев.
Биылғы бекітілген күнтізбе бойынша ралли жарыстар ақпан айында Ресейде басталады. Содан кейін, сәуір айында БАӘ мен Катарда өтіп, мамырда Қазақстанға жетеді. Қазақстаннан кейін Италия, Испания, Венгрия, Польша, Марокко, Португалияда өткізілмек. Жалпы, 2017 жылғы ралли жарыстар 10 кезеңнен тұрады.
Айта кету керек, аталған елдерден жарыс ең ұзағы үш күн болса, Қазақстанда 6-күнге созылмақ.
Жарысты ұйымдастырушылардың бірі Андрей Чередниковтің айтуынша, ралли жарысқа қатысушылар Маңғыстау облысы бойынша барлығы 2450 шақырым жолда жарысады.
«Жарысқа қатысушылар барлығы 2 450 шақырым жүреді, оның 630 шақырымын тас жолмен жүрсе, 1 820 шақырымды жолсыз жерлермен жүріп өтеді. Оның ішінде Сенек елді мекені маңындағы бұйрат құмдарды кешіп өтеді. Бұл - өте қиын аймақ. Жарысқа қатысушылар таң қалатын шығар», - деді Андрей Чередников.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта шашамен 50 қатысушы тілек білдірген. Оның 10-ы Қазақстаннан, қалғаны шетелден.
«Әзірге 50 қатысушы бар, бұл нақты деп айтпаймыз, әлі де қосылуы мүмкін», -деді А. Чередников.
Бүгінгі баспасөз мәслихатына арнайы келген Rally Kazakhstan 2017 жарысының басшысы, Халықаралық автокөлік федерациясының дүниежүзілік кеңесі төрағасының орынбасары Фред Галлахер Қазақстандағы ралли өте қызықты өтетініне сенім білдірді.
«2017 жылғы ралли-рейд жарыстарының қазақстандық бөлігі өте қызықты өтеді деп ойлаймын. Қазақстанның табиғаты, жер бедері сан алуан. ҚР Автомотокөлік Федерациясы осы жарыстың Қазақстанда өтуіне соңғы төрт жылда өте көп еңбек сіңірді», - деді Фред Галлахер.