Рамазан айында Алматыдағы «Таугүл-3» ықшамауданы мешіті ерекше шара өткізіп жатыр

АЛМАТЫ. 11 тамыз. ҚазАқпарат - Құранды жатқа білетін мұсылмандар үшін Алматыдағы  «Таугүл-3» ықшам ауданы мешітінде Рамазан айының құрметіне орай ерекше шара өткізіліп жатыр.

Рамазан айында Алматыдағы «Таугүл-3» ықшамауданы мешіті ерекше шара өткізіп жатыр

Бас имам Орынбасар Дәуренбековтің айтуынша,  олар ислам дінін насихаттау мақсатында құран аяттарынан сұрақ-жауап әзірлеп, мешітке келетін намазхан  жамағаттың арасында тарауих намазынан кейін  арнайы білім сайысын  өткізуде.

«Мұндай діни шаралар пайғамбарымыздың уақытында да болған. Онда сахабалар бір-біріне құран аяттарын, хадистерді жасырып сұрайтын болған. Біз оны қайта жаңғыртып отырмыз. Бұл сайыс жеңімпаздары бұған дейін Меккеге Умра қажылық сапарына және Астана қаласына саяхат жолдамасын ұтып алған еді. Енді қаламыздағы һалал мейманханалардың біріне отбасымен не жолдастарымен барып ауызашар жасап қайтуға мүмкіндік беретін тағы бір жолдама сарапқа салынғалы отыр», - дейді О. Дәуренбеков.