Рамазан Оразов өз клубының Дания чемпионатында көш бастауына көмектесті

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Дания чемпионатының 6-турында «Силькеборг» сырт алаңда «Вайле» клубын жеңді.

футбол
Фото: instagram.com/ramazanorazov

Құрамында қазақстандық Рамазан Оразов өнер көрсететін «Силькеборг» командасы көш соңында келе жатқан қарсыласын 3:1 есебімен тізе бүктірді. 

Екінші таймда 57-минутта «Силькеборгтан» Тонни Адамсен алғашқы голдың авторы атанды. 67-минутта Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Р.Оразов алаңға шықты.

Ол шабуылға араласқан кезде «Вайленің» қақпасына екінші доп енді.

Ал 73-минутта Рамазанның пасынан кейін қақпашы мен қорғаушының қателігін пайдаланған Адамсен екінші голын соқты.

89-минутта Хамза Барри есепті қысқартқанымен, 93-минутта Александер Симмельхак ойынның нүктесін қойды — 3:1.

«Силькеборг» 15 ұпаймен турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ұлттар лигасы ойындарына қатысатын футболдан Қазақстан құрамасының кеңейтілген құрамы жарияланғанын жазған болатынбыз.