Рәміздер халқымыз үшін аса қымбат - тарихшы
«Әр елдің мемлекеттік рәміздерінде халықтың арманы, мұрасы, мақтанышы мен құндылықтары бейнеленуі керек. Қазақстан Республикасы рәміздерінің тамыры тереңде. Елтаңбамызға, Туымызға қарасаңыз, барлық рәміздер тарих қойнауынан бізге жеткен тарихи жәдігерлер мен әлемдік білімнің құндылықтары негізінде жасалған. Сондықтан да олар халқымызға қымбат», – дейді Арман Жұмаділ.
Профессор атап өткендей, тарихи-этникалық үдерістердің сабақтастығының белгілері еліміздің басты рәміздерінің бірі – туда айқын көрінеді.
«Мемлекеттік ту – ұлттық рәміздердің бірі. Ал туды ұстаған бірінші адамның бейнесі бірқатар петроглифтерде бейнеленген. Бұл - ту ұстап, атқа қонған адамның бейнесі. Тулардың түрлері әртүрлі болғанымен, мағынасы мен қызметі бірдей. Бұл – бабалар рухы мен қайрат-жігерін, ұлы істері мен жеңістерін бойына сіңірген асыл бұйым. Бүгінде желбіреген көк ту – ата-бабамыз табынған көк аспанның түсі. Ал тудағы Күн Есік қорғанынан табылған Алтын адамның бас киімінде өрілген өрнек ретінде бейнеленген. Ал Күлтегіннің бас киіміндегі самұрық қыран құс бейнесінде. Дәл осындай самұрық бейнесінің кейіннен Алтын Орданың мемлекеттік елтаңбасы ретінде қабылдануы қазақ жеріндегі этникалық үдерістердің сабақтастығының дәлелі», - деді ол.
Тарихшының айтуынша, Елтаңбадағы белгілер халықтың тарихи жәдігерлері мен құндылықтарын бейнелейді.
«Шаңырақ – бүкіл көшпелілер өркениетінің символы. Ал Шаңырақтың екі жағындағы аңыздағы қанатты пырақтардың бейнесі ойдан шығарылмаған, ол да тарихи жәдігер. Алтын адамның бас киімінде айқыш тәрізді таңба – күннің белгісі, ал оның астында бейнеленген қанатты аттар - мәңгіліктің белгісі. Олардың екі жаққа да қарауы шексіздікті білдіреді. «Мәңгілік ел» идеясы түркі жазба ескерткіштерінде көрініс тапқан», - деп атап өтті спикер.
Сондай-ақ ол Қазақстан әнұраны бірнеше рет өзгертілгенін еске салды.
«Ән – халықтың жаны. Заман өзгереді, күй өзгереді. Әнұранның идеясы да осылай өзгереді. Кеңес дәуіріндегі Қазақстанның әнұраны естеріңізде шығар. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін әнұранды өзгерттік. Оның сөзі «Алтын күн аспаны» деп басталады. Оның авторлары – Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденов. Оның мәтінін есте сақтау оңай, айбынды әрі әуезді. Мемлекеттік рәміздер күні Қазақстан халқының бірлігі мен біртұтастығының қалыптасуына ықпал етеді», - дейді профессор.