02:27, 24 Наурыз 2014 | GMT +5
Рамзан Кадыров Израильде «Әлем мешітін» ашты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шешенстан Президенті Рамзан Кадыров Иерусалим түбіндегі арабтардың елді мекеніндегі мешіттің ашылу салтанатына қатысты. Израилдегі ең үлкен мешітке Шешен республикасының тұңғыш президенті Ахмат Кадыровтың аты берілген, деп хабарлады шетелдік БАҚ.
«Әлем мешіті» деген екінші атауы бар үш мың адамға арналған мешіт А.Кадыров атындағы көшеде орналасқан. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының деректеріне қарағанда, Алла үйін салуға шамамен 10 млн. доллар қаржы жұмсалған. Ал аталған қаржының үштен екісін Шешенстандағы қорлар мен қоғамдық ұйымдар бөлген.
Мешіттің кіре беріс есігінде: «Шешен Республикасының бірінші президенті, Ресей батыры Ахмат қажы Кадыров атындағы мешіт», - деп жазылған.