Рамзан Қадыров: Кей лидерлер елін талқандап жатса, Н.Назарбаев Қазақстанды нығайтып келеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей Федерациясы Шешен Республикасының Президенті Рамзан Қадыров «Инстаграм» әлеуметтік желісінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты құттықтады.
Ол жазбасында қазіргі заманның ірі саясаткері, Ресей мен Шешенстанның нағыз досы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты мерейтойымен құттықтау өзі үшін үлкен мәртебе екенін атап өткен. Рамзан Қадыровтың айтуынша, Шешенстанның бірінші Президенті, Ресей қаһарманы Ахмет-қажы Қадыров Нұрсұлтан Назарбаевқа үлкен құрметпен қараған.
«Ол оны қазақ халқының әкесі, дана, ұлы адам деп атаған. Н.Назарбаев өз елін посткеңестік кезеңдегі күрделі саяси өткелдерден алып өтіп, Қазақстанның болашағы бауырлас Ресей халқымен мызғымас достықта екенін білді», - деді Рамзан Қадыров. «Кейбіреулер өз елін талқандаудан қолы босамай жатқанда, Н.Назарбаев Қазақстанның саяси, экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, Ресеймен қарым-қатынасты дамытып отыр. Құрметті, Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізге мықты денсаулық, бақыт пен береке, бауырлас Қазақстан халқына жаңа жеңістерге жете беруге тілектеспін», - деп жазды Шешенстан басшысы.