Рауан Кенжеханұлы: Жолдаудағы мәселелер толық жүзеге асса - мемлекетке үлкен табыс
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президентінің Жолдауындағы мәселелер толығымен жүзеге асса, мемлекет үшін үлкен табыс болар еді. «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кезекті Жолдаудың ерекшелегі, онда Елбасы бүгінге дейін әр салада қордаланған мәселелерді жан-жақты айтып, олардың әрқайсысының шешу жолдарын да көрсетті. Менің ойымша, тиімді жұмыс істеу тетіктерін бүге-шігесіне дейін талқылап, соған баса назар аударуы - Үкіметтің, әкімдіктердің, құқық қорғау органдарының жұмыстарын одан әрі жетілдіре түсуге септігін тигізеді. Сосын Елбасы сапалы білім берудің алғашқы қадамы балабақшадан басталу керектігіне де назар аударды. Осының өзінде үлкен елдік мақсат-мұраттар бар. Ал білім мен ғылымға бөлінетін ақша ішкі жалпы өнімнің он процентіне дейін өсіруді тапсыру арқылы Нұрсұлтан Назарбаев болашақ ғылымда екенін көрсетіп берді», - дейді Рауан Кенжеханұлы.
Сондай-ақ, ол Елбасының келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялау туралы бастамасына тоқтала келе, оның да Жолдаудағы тапсырмалармен тікелей байланысты екенін алға тартты. Бұл ретте Рауан Кенжеханұлы Жолдауда айтылған мәселелер толығымен шешіліп, жүзеге асса, ол мемлекет үшін үлкен табыс болатынын атап өтеді.
«Жастар жылы» жастарға байланысты шаралар тек бір рет өтіп, ұмыт болатын жиындар емес, керісінше кешенді жобалар болуы керек. Елбасы өзі ұсынған жаңа гуманитарлық бағыт сияқты ұзақ мерзімді жобалар жалғасын тапса деп ойлаймын. Бұл жастардың біліктілігін арттыруда ерекше пайдалы болар еді. Білім-ғылымға қызығушылығы үлкен жастарды қолдау қазір маңызды. Өйткені медицина, экономика, руханият, техника салаларының басты жетістіктерін ғалымдар жасайды. Ал халық соны пайдаланады. Сондықтан келер жылы жастарға арналған жемісті жобалар басталады деген ниеттемін», - деді Р. Кенжеханұлы.