Рауль Кастро Қазақстан Президентінің саяси көрегендігіне таңғалады - Куба Елшісі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім грамотасын тапсыру барысында Куба Елшісі Эмилио Певида Пупо Рауль Кастроның ыстық ықыласын да жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Рауль Кастро Қазақстан Президентінің саяси көрегендігіне таңғалады - Куба Елшісі

«Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Куба Үкіметі мен халқының, оның ішінде Куба Республикасы Мемлекеттік кеңесі мен Министрлер кеңесінің төрағасы, армия генералы Рауль Кастроның сәлемін жеткіздім. Рауль мырза Қазақстан Президентімен таныс әрі оның стратег, Ұлт көшбасшысы ретіндегі батылдығы мен саяси көрегендігіне таңғалады, Гаванаға сапарын жылылықпен еске алады», - деді сенім грамотасын тапсырғаннан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Елші.
null 

Эмилио Певида Пупо екі елдің арасы алшақ болғанымен, халықтардың игілігі үшін өзара тиімді ынтымақтастықты  дамытуға мол мүмкіндік бар екендігін баса айтты.

«Осынау салтанатты сәтте Куба мен Қазақстан арасындағы  екіжақты байланыстарды нығайтуға жіберілген бұған дейінгі Елші жүзеге асырған тамаша жұмыстарды жалғастыруды өзімнің міндетім санаймын. Елші болудың жауапкершілік жүгі ауыр. Бірақ, мен оны зор ризашылықпен қабылдаймын. Куба Қазақстан Тәуелсіздігін ең бірінші мойындаған елдердің бірі және тығыз дипломатиялық қарым-қатынас орнатты Куба Үкіметі үшін Қазақстан Республикасымен бұл байланыстарды дамыту айрықша маңызға ие. Біздің денсаулық сақтау, білім, спорт, мәдениет, биотехнология, фармацевтика салаларындағы  тәжірибеміз мол. Біз қазақ халқымен жетістіктерімізді зор қанағаттанушылықпен бөлісеміз», - деді ол.

Айта кетейік, Эмилио Певида Пуподан сенім грамотасын қабылдағаннан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Куба мемлекетімен екіжақты ынтымақтастық аясын кеңейтуге мүдделі екендігін айтқан болатын.

«Соңғы жылдары Қазақстан-Куба қарым-қатынастары айтарлықтай жанданып келе жатыр. Мен 2017 жылдың сәуірінде алғаш рет Кубаға ресми сапармен бардым. Куба басшылығымен өткен келіссөздер барысында біз екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың жаңа перспективаларын анықтадық. Елдеріміздің сауда экономикалық саяси ынтымақтастығын нығайту үшін нақты жұмыстарды  жалғастыру қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.