Райымбек батыр ескерткіші еңселі ел екендігімізді, елдігімізге сай ерлеріміздің бар екенін тағы бір рет танытатын сәт - А. Есімов

Қала әкімі Ахметжан Есімов бүгін Райымбек даңғылының бойында тұрғызылған еңселі жаңа ескерткіштің ашылу рәсімінде осылай айтты.
«Осы шара біздің еңселі ел екендігімізді, елдігімізге сай ерлеріміздің бар екенін тағы бір рет танытатын сәт. Соңғы 20 жылда еліміздің экономикалық жағдайымен бірге, тіліміз бен дініміз, рухымыз бен мәдениетіміз де даму үстінде. Елбасымыздың басшылығымен өмірге келген «Мәдени мұра» бағдарламасы тарихымызды түгелдеуге мүмкіндік берді. Аңыз төңірегінде ақиқат шежіре, әңгіме астарында шындық жатады»,- дейді А.Есімов. Шаһар басшысының айтуынша, осыдан бір жыл бұрын пайдалануға берілген Алматы метросының басты бекеті Райымбек батыр есімімен аталады. Бүгін міне метро бекетіне жақын жерде өзінің есімімен аталатын даңғыл бойында Райымбек батыр ескерткіші бойт көтеріп отыр. Біз намысын жауға бермеген, найзасын кекке қайраған батырлар мен ел көсемдерінің ұрпағымыз. Соның бірі қазақ елінің жауынгерлік ұранына айналған Райымбек батыр. Ол 17 жасында жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерлік көрсетіп батыр атанған. Қалмақтың - Бадам, Қорын, Ағанас, Секер сынды хан, ноян, батырларын жекпе-жекте жеңіп, Қаратау өңірі мен Жетісуды жаудан азат етуге басшылық жасаған.