«Реал» мен «Челси» футболшылары қытай лигасына ұмтылуда
Бұл ретте, «Аспан асты еліне» кетуге үздік клубтардың футболшылары талпынуда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Жаңа келісімшарт бойынша «Корольдік клубтың» ұсынысына көңілі толмаған мадридтік «Реал» командасының қорғаушысы Пепе Қытай чемпионатына өтуге шешім қабылдады. Атауы әзірге құпия қалып отырған клубтардың бірі Пепемен жылына 15 млн. еуро жалақымен үшжылдық келісім жасауға дайын.
«Реал» 34 жастағы қорғаушыға ағымдағы маусымның соңында аяқталатын біржылдық келісімшарт жасасуды ұсынды. Бұл шарт «Галактикостың» бас құрамасындағы орнын онсыз да әлдеқашан жоғалтып алған португалдықтың көңілінен шықпады.
Пепенің жаздан бастап қай командада ойнайтыны белгісіз болса да, «Челсидің» шабуылшысы Диего Коста қайда ауысатыны туралы өзі айтып берді. Испания құрамасының шабуылшысы мансабын «Тяньцзинь Цюаньцзянь» қытай клубында жалғастырады.
Коста Қытайда жылына 30 миллион еуро табыс табатын болады, ал «Челси» өз футболшысына 90 млн. еуро алады. Осы маусымда Диего Коста Англия чемпионатында 32 матч өткізіп, 19 гол соқты.