«Реал» УЕФА Суперкубогын жеңіп алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан Еуропаның тұсаукесер ойынында Чемпиондар лигасында топ жарған «Реал» мен Еуропа лигасында үздік атанған «Манчестер Юнайтед» командалары кездесті, деп жазады prosports.kz.

«Реал» УЕФА Суперкубогын жеңіп алды

Командалар маусымға әлі толыққанды дайын еместігіне қарамастан Македония астанасы Скопьеге жиналған жанкүйерлерге тартымды ойын көрсете алды.

Кездесуді МЮ ойыншылары өте белсенді бастағанымен дегендеріне жете алмай жатты. Уақыт өте ойын тізгінін толыққанды өз қолдарына алған мадридтік команда бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастыра алды. «Реал» қатарынан тірек қорғаушы Каземиро ерекше көзге түсті. Алғашқы соққысы қақпа бағанынан қайтқанымен келесі бір соққысы қақпада тулады. Осылайша бірінші тайм 1-0 есебімен «Реалдың» пайдасына шешілді.

Екінші тайм басталысымен ағылшындық команда қақпаларына екінші голды жіберіп алды. Бұл жолы МЮ қорғаушылары Искодан көз жазып қалған болатын.

Қақпаларына екі гол жіберген соң барып МЮ ойыншылары есін жиғандай болды. Алаңға жаңадан қосылған ойыншылар да ағылшындық команданың ойынына қан жүгіртті. Командаға осы жазда «Эвертоннан» келіп қосылған Лукаку есеп айырмасын қысқартып командасына үміт отын жаққандай көрінді. Алайда «Реал» ойыншылары кездесу соңына дейін өздеріне керек есепті сақтап, УЕФА Суперкубогының иегері атанды.

«Реал» - «Манчестер Юнайтед» - 2:1 (1:0)

Голдар: Каземиро 22, Иско 53 - Лукаку 65.

«Реал»: Навас, Карвахаль, Рамос, Варан, Марсело, Каземиро, Кроос, Модрич, Иско (Васкес 76), Бэйл (Асенсио 75), Бензема (Роналду 83).

Бас бапкер: Зинедин Зидан.

«Манчестер Юнайтед»: Де Хеа, Валенсия, Смоллинг, Линделёф, Дармиан, Матич, Эррера (Феллаини 58), Погба, Лингард (Рэшфорд 46), Мхитарян, Лукаку.

Бас бапкер: Жозе Моуриньо.

Ескерту алғандар: Лингард 41, Карвахаль 85, Рамос 87, Рэшфорд 90+6.