RealMadrid Foundation жаттықтырушылары алматылық балаларға футбол курсын өткізеді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биыл Алматыда 23 наурыз бен 3 сәуір аралығында 6 - 17 жастағы жасөспірімдер арасында арнайы футбол курсы өткізіледі. Оны испаниялық RealMadrid Foundation қоры мен Мадрид қаласындағы Жаттықтырушылар академиясының бапкерлер құрамы жүргізетін болады.
«Біз Реал футбол клубының құндылықтарын спорт және білім арқылы паш етуге тырысамыз. Балаларды жауапты болуға, өзара сыйластыққа және ұжымдық жұмысқа үйретеміз. Бұл оларға болашақта табысқа жетуге мүмкіндік береді. Яғни, бұл жанкүйерлер тарапынан клубқа көрсетіліп жатқан қолдаулардың өтемі», - деді бүгін баспасөз мәслихаты барысында RealMadrid Foundation қоры курстары мен жазғы лагерлерінің директоры Андрес Мунтанер.
Ол сонымени қатар, бұл жобаның саламатты өмір салтын насихаттауға және жас ұрпақтың футболға деген қызығушылығын оятуға бағытталғандығын атап өтті.
«Курстар екі топ бойынша жүргізіледі. Әр топқа белгіленген уақыт - 5 күн. Әрбір сабақ 2 сағатқа созылады. Осы уақыт ішінде бапкерлер балаларға Реал футбол командасының қалай жаттығатынын айтады, ойын өрнегімен таныстырады және өз құпияларымын бөліседі. Бұл, ойын барысында ең ұтымды шешім қабылдауға үйрететін серпінді бағдарлама», - деді қордың техникалық директоры Пабло Гомес.
Осы жобаның тең ұйымдастырушысы - Sport Events Managemen компаниясы өкілінің айтуынша, бұл әлеуметтік бағыттағы жоба, өйткені осы шараны өткізуден түскен ақша (шығындар алынып тасталғаннан қалған ақша) осы өңірде оқыту және қайырымдылық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалады.
Одан басқа, мектеп-интернеттар мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне де осы жобаға қатысуға мүмкіндік беріледі.
«Қазір қалада футболмен айналысқысы келетін балалар көп. Сондықтан мұндай ауқымды жобалар оларды футболмен айналысуға ынталандыра түседі. Осындай атақты клубтың тарихымен, ойын өрнегімен танысқан олар, болашақта танымал футболшы болуы мүмкін», - деді Алматы қалалық футбол федерациясының вице-президенті Владимир Ахунов.
Айта кетелік, курстар «Мирас» халықаралық мектебінің стадионында өтеді.