Рецепт бойынша дәрі-дәрмек «Қағазсыз аурухана» арқылы беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Рецептілерді жазып беру мен дәріханалардан препараттарды алу жолын жеңілдету мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі 2020 жылдан бастап барлық өңірге «Қағазсыз аурухана» жүйесін енгізбек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда дәрігердің рецептісі бойынша дәріханаларда дәрі-дәрмек сату - Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа талабы емес. Бұл жүйе 15 жылдан бері қолданылып келеді. Дәрігердің рецептінсіз сатылатын препараттардың тізбесімен миниистрліктің интернет-ресурстарында танысуға болады. Рецепті жазып беру мен дәріханалардан препараттарды алу жолын жеңілдету үшін 2020 жылдан бастап министрліктің ақпараттық жүйелерінде жұмысты толық электрондық форматқа көшіру жоспарланып отыр», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті төрайымы Людмила Бюрабекова Үкіметтің баспасөз орталығында.

Оның айтуына қарағанда, «Қағазсыз ауруханаға» өту шеңберінде Қарағанды, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстары рецептілерді жазып беру бойынша электронды форматқа көшіп кеткен.

«Ішкі нарықтағы дәрі-дәрмектің айналымын бақылаудың тиімді шараларының бірі - фармацевтикалық қадағалау жүйесі немесе «сары карта». Осы жүйе АҚШ пен Еуроодақтың халықаралық дәрежедегі жетекші реттеу органы саналады. Дәрі-дәрмекті тіркеу куәлігін кері қайтару немесе тоқтата тұру секілді шараларды Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы жүргізеді. Мысалы, осы жылдың 5 айында 18 препаратты кері қайтарып алу және сатылымын тоқтату туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, 43 препараттың 43 атауының жанама әсері болғандықтан, сатылымын тоқтаттық», - деді комитет басшысы.

Соңғы жаңалықтар