Референдум – дамыған демократиялық қоғам құру жолындағы маңызды қадам - Президент

«Еліміздің тарихында Конституцияға енгізілетін өзгерістер алғаш рет жалпыхалықтық референдум арқылы жүзеге асырылады. Референдум өткізу – Қазақстанда дамыған демократиялық қоғам құру жолындағы маңызды қадам. Ата заңға енгізілетін түзетулер жобасы елімізде бір ай бойы қызу талқыланды. Түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қоғамда конституциялық реформаға қатысты пікірлер көп айтылып жатыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Мемлекет басшысы оның ережелері Президенттің артықшылықтары мен өкілеттігін күшейтуге емес, билік тармақтары арасындағы үйлесімді және тепе-теңдік жүйені нығайтуға, барлық азаматтың мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға бағытталғанын атап өтті.
«Бүкіл халықтың Конституцияға енгізілетін өзгерістерге қатысты ерікті таңдауы Жаңа, Әділетті Қазақстанның берік іргетасын қалайды. Біз бірлесе отырып, шын мәнінде, Жаңа Қазақстан құрамыз. Онда әлеуметтік әділдік жаңа қоғамдық келісімнің басты құндылығы және негізгі өзегі болады», - деді Президент.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысы бұл референдумда әр азаматтың дауысы маңызды екенін, әрбір азамат тұтас ұлттың тағдырына, яғни тікелей өз тағдырына оң ықпал ете алатынын атап өтті.
Бүгін түн ортасында референдумға қатысты үгіт-насихат аяқталады.
Референдумда 11 мыңнан астам қазақстандық шет мемлекеттерде дауыс береді.