Референдум: Қазақстандықтар АЭС құрылысына қарсы дауыс берсе не болады

АЭС
Фото: storage.googleapis.com

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда АЭС құрылысы бойынша референдум өткізуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.

«Елімізде атом электр станциясын салуға дайындық процесі жалпыхалықтық референдум өткізу туралы шешім қабылдаудан бұрын басталған еді. Осы уақыт ішінде әлеуетті вендорлар (АЭС салатын компания) қарастырылған. Енді құрылысқа қатысты түпкілікті шешімді ұлттық референдум негізінде ғана қабылдаймыз. Бұл референдум аясында Қазақстанда атом электр станциясын салу немесе салмау туралы нақты шешім жасалады. Бірақ біз тендерге қатысушылармен консультацияларды жалғастырып жатырмыз. Яғни, біз вендорды таңдау туралы шешім қабылдау процесін тоқтаттық, бірақ орнатылған байланыстар негізінде консультацияларда техникалық мәселелер қаралып жатыр», – деді А. Сәтқалиев Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Тілшілер: «Қазақстандықтардың басым бөлігі АЭС салуға қарсы болса, барлық келіссөздер нәтижесіз бола ма?», – деп сұрады.

«Біз бұл жайында ойладық. Егер қарсы шешім қабылданса, бұл жұмыстың бәрі тоқтайды. Дегенмен, біз осы шешімді ел халқы қолдайды деп сенеміз. Өйткені атом энергиясының маңыздылығын түсінеміз. Атом энергетикасы өнеркәсіп пен ел экономикасының дамуына елеулі ықпал етеді. Қазақстанда уран өнімдерін өндіру саласында барлық қажет мүмкіндік бар. Сондықтан АЭС құрылысы экономика мен ғылымды дамыту үшін орасан зор әлеуетті көтеретін соңғы цикл саналады», – деді министр.

Соңғы жаңалықтар