Референдум күні тағы бір қалада қоғамдық көлік тегін болады
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Қонаев қаласында 15 наурыз күні автобустар тегін жүреді.
Қала әкімдігі бұл күні жаңа Конституция жобасына байланысты республикалық референдум өтетіндіктен, барлық бағыттағы қоғамдық көліктерде жолақы алынбайтынын мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін 15 наурызда Алматының қоғамдық көліктерінде жол жүру тегін болатынын жазғанбыз. Атап айтқанда, автобус, троллейбус және метрополитен сынды қаладағы қоғамдық көліктің барлық түрінде жолаушылардан ақы алынбайды. Бұл шешім республикалық референдумның өткізілуіне байланысты қабылданды.
Одан бөлек Алматыда мүгедектігі бар тұрғындар республикалық референдум өтетін күні сайлау учаскелеріне бару үшін «Инватакси» қызметін тегін пайдалана алады. 15 наурызда 170 «Инватакси» автокөлігі қалада жұмыс істейді. «Инватакси» қызметіне диспетчерлік қызметтердің телефон нөмірлері арқылы тапсырыс беруге болады.
Сондай-ақ Астанада 15 наурыз күні қоғамдық көлік тегін қатынайды.