Референдум: Шетелде 12 485 отандасымыз дауыс береді
АСТАНА. KAZINFORM – АЭС құрылысына қатысты республикалық референдумда шетелде жүрген 12 485 отандасымыз дауыс береді. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының отырысында Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Алуа Нәдірқұлова айтады.
«Сыртқы істер министрлігі алдағы республикалық референдумды өткізу үшін кешенді жұмыс істеді. Қазіргі уақытта ҚР азаматтарының шетелде дауыс беруі үшін қажетті жағдайды қамтамасыз ету жұмыстары толықтай аяқталды. Атап айтқанда, дауыс беруге құқығы бар отандастарымыздың тізімі жасалды. Олардың жалпы саны – 12 485 адам. ҚР сайлау заңнамасына сәйкес, Сыртқы істер министрлігіне 12 611 бюллетень бөлінді. Олардың уақытылы жеткізілуін министрліктің жауапты қызметкерлері қамтамасыз етеді», - деді ол.
Оның дерегінше, ҚР-ның 59 елдегі мекемелерінде 74 учаскелік комиссия құрылды. Комиссияның барлық мүшелері сайлау үдерістерін қамтамасыз ету бойынша қашықтықтан оқу курстарынан өтті. Учаскелерді жаңа сайлау жәшіктермен жабдықтау мәселесі қосымша пысықталды.
Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, 6 қазанда өтетін референдумда дауыс беруге арналған 10 323 учаске жұмыс істейді.
«Саны өзгерді. Оның ішінде 59 шетелдегі мекемелер жанынан ашылған 74 референдум учаскесі жұмыс істейді», - деді комиссия төрағасы.
Бұған дейін Израиль, Иран және Ливандағы референдум учаскелері жұмысын тоқтатқанын, бұл елдегі 238 отандасымыз дауыс бермейтіндігін жазған едік.