Референдумда қазақстандықтарға «АЭС-ті кім салу керек?» деген сұрақ қойыла ма

Референдумда  қазақстандықтарға «АЭС-ті кім салу керек?» деген сұрақ қойыла ма
Фото: gov.kz

Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев АЭС салу жөніндегі референдумның күн тәртібі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform. 

«Президент Қ.Тоқаев «Известия» газетіне берген сұхбатында Қазақстан Ресейдің АЭС салу ұсынысын жоғары бағалайтынын, бірақ ол мәселе референдум қорытындысы бойынша шешілетінін айтты. Демек, референдумда қазақстандықтарға «АЭС-ті кім салу керек?» деген сұрақ қойыла ма», - деп сұрады журналист.

Министрдің сөзінше, референдумда нақты қандай сұрақтар болатыны әлі белгісіз.

«Қазіргі таңда референдумда қойылатын сұрақтар жасақталған жоқ. Ол сұрақтарды жасақтаған кезде қоғамның пікірі ескерілетіні сөзсіз. Қазір Конституцияға сай жұмыс жүріп жатыр. Бұған дейін де айтқанымдай, ол жұмысқа депутаттарды да, қоғамдық пікір көшбасшыларын да тартамыз», - деді Алмасадам Сәтқалиев.

Бұған дейін министрлік АЭС-ті кім салатыны туралы сұрақ референдумда қаралмайтыны туралы мәлімет таратқан болатын.

«Бұған дейін министрлік заңнама бұл мәселені референдумға енгізуді талап етпейді деген мәлімет айтқан. Яғни, мәселе референдумда қаралмайды деген жоқ. Енді Мемлекет басшысы тиісті тапсырма бергеннен кейін осы референдумды ұйымдастыруға қажетті жұмысты ұйымдастырып жатырмыз. Әзірге референдумның күн тәртібі әлі жасақталған жоқ. Қандай сұрақтар қойылатын сол кезде белгілі болады», - деді ведомство басшысы.

Соңғы жаңалықтар