Референдумға бастама жасау дүйім елдің тәуелсіздікті нығайту, мемлекетті орнықтыру ісіне берген зор бағасы деп білемін – Н. Назарбаев

АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Референдумға бастама жасау дүйім елдің тәуелсіздікті нығайту, мемлекетті орнықтыру ісіне берген зор бағасы деп білемін. Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.

Референдумға бастама жасау дүйім елдің тәуелсіздікті нығайту, мемлекетті орнықтыру ісіне берген зор бағасы деп білемін – Н. Назарбаев

«Таяуда Елбасы өкілеттігін ұзарту үшін бүкілхалықтық референдум өткізу туралы халықтық бастама көтерілгені белгілі. Бастамаға үкіметтік емес ұйымдар мен жекелеген азаматтар, зиялы қауым өкілдері мен Парламент депутаттары қолдау білдіруде. Дүйім елдің бұл ыстық ықыласын тәуелсіздікті нығайту, мемлекетті орнықтыру ісіне берген зор бағасы деп білемін. Отанды қалтқысыз сүю - оның суығына шыдап, ыстығына күюді талап етеді. Менің бар ғұмырым ел тағдырымен еншілес. Маған сынақтың көпіріндей қылтылдаған кезеңде Тәуелсіздік алып, мемлекетті құру ісі сеніп тапсырылды. Сондықтан мен, сенімге серт беріп, бар жауапкершілікті мойныма алған адаммын. Күрмеуі қиын, түрлі тағдырлы шешімдерді жүрегімнен өткізіп, қабылдадым. Мен 20 жылдан бері бар күш-жігерім мен білік тәжірибемді аямай, халқыма қалтқысыз қызмет етіп келемін», - деді Мемлекет басшысы.

Бұдан соң Президент осы жылдары елдің мәртебесін көтеріп, мерейді асырған барша жетістіктерді ортақ табыс ретінде, барша халықтың табысы ретінде бағалап, бастамашылар мен тілекші болған қазақстандықтарға ризашылығын білдірді.