Референдумға қатысты ешқандай конституциялық норманың бұзылғандығын көріп отырған жоқпыз- ОСК төрағасы
АНА. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Референдумға қатысты ешқандай конституциялық норманың бұзылғандығын көріп отырған жоқпыз.
Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында Қазақстан Республикасының Президенті - Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың президенттік өкілеттілігін 2020 жылғы 6 желтоқсанға дейін ұзарту жөніндегі референдумның бастамашыл тобын, сондай-ақ оның республикалық референдумға ұсынып отырған мәселесін тіркеу туралы қаулы қабылданғаннан кейін сөз сөйлеген ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов осылай мәлім етті.
«Біз басшылыққа алатын қолданыстағы «Референдум туралы» конституциялық заңнамаға сәйкес, елде бүгінгі көтеріліп отырған мәселе бойынша референдум өткізуде ешқандай заң бұзушылық жоқ. Ондай бастамашылықты да, өткізілген жиналыстарды да ҚР Бас прокуратурасы заң талаптарына толықтай сәйкес деп қуаттады. Бұдан бөлек, ешқандай да конституциялық нормалардың бұзылғандығын көріп отырған жоқпыз», - деді Қ. Тұрғанқұлов.