Референдумға жастар белсенді қатысып жатқанын көрдік – Чжан Лин
АСТАНА. KAZINFORM – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) Байқаушылар миссиясы Астанада референдум өтіп жатқан 6 учаскеге барды. Делегация азаматтардың дауыс беруге белсенді қатысып жатқанын айтуда.
«Біз бұл бақылау орындарын дауыс беру пункттерінің тізімінен тыс, дербес таңдадық. Оларға баруға ешқандай кедергі болған жоқ. Оған қоса, азаматтардың дауыс беруге белсенді қатысуын және қызметкерлерді, комиссия қатысушыларын даярлаудың кәсіби деңгейін атап өткіміз келеді. Біз дауыс беретін азаматтардың, әсіресе жастардың өте белсенді қатысқанын көрдік. Көптеген жастар отбасыларымен, балаларымен бірге дауыс беруге келді. Учаскелік комиссияның мүшелері дауыс беру үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етті, туындаған мәселелер бойынша толық түсініктемелер берді», - деді АӨСШК Бас хатшысының орынбасары Чжан Лин Астанада Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында өткен брифингте.
Сонымен бірге, Чжан Лин өздері аралаған учаскелерде барлық қажетті ақпарат ұсынылғанын, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қажетті жағдайлар жасалғанын атап өтті.
«Біз болған 6 учаскеде дауыс беру белгіленген тәртіппен және жергілікті, халықаралық байқаушылардың, сондай-ақ БАҚ өкілдерінің қатысуымен тыныш өтті. Бізге дауыс берушілерден ешқандай шағым-ескерту түскен жоқ», - деп толықтырды Чжан Лин.
Еске салайық, бүгін қазақстандықтар атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдумда дауыс беріп жатыр.
Республикалық референдум бюллетенінде бір ғана сауал болады:
— Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?
Дауыс беруші жауаптың екі нұсқасының бірін таңдайды:
— «Иә, келісемін» немесе, «Жоқ, келіспеймін».
Айта кетейік, сағат 16:00-дегі жағдай бойынша 7 062 358 азамат бюллетень алды. Бұл тізімге енгізілген азаматтардың 57,68 пайызын құрайды.