Реформа үшін реформа жасауды доғару керек — Президент білім саласындағы өзгерістер туралы
АСТАНА. KAZINFORM — Білім беру саласында тек атауы бар, нақты нәтижесі жоқ реформаларды жүргізуді тоқтатып, әр өзгерістің тиімділігін алдын ала жан-жақты саралау қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздарды кезекті реформалармен қажытып, күйзеліске ұшыратпау керектігін айтып, білім саласындағы өзгерістерге қатысты Үкіметке бірқатар тапсырма берді.
Республикалық Тамыз кеңесінде Президент мұғалімдердің білігін көтеру мәселесіне ерекше назар аудару қажеттігін айтты.
— Алайда осы саладағы кезекті ауқымды реформаны жасаймыз деп, бүкіл оқу жүйесін қысқа мерзімде түбегейлі өзгертуге болмайды. Әйтпесе, бұрыннан қалған теріс нәтижелер осы аса маңызды саланың тас-талқанын шығарғаны есімізде бар. Мұндай сынақтар оқу саласына үлкен зиян әкелді. Тек реформа үшін жай ғана аты бар, заты жоқ реформалар жүргізуді доғару қажет. Басқа сөзбен айтқанда, реформаларды, өзгерістерді, әрине, жүргізу керек, бірақ ондай өзгерістер мұғалімдерді әбден шаршатып, оларды күйзеліске ұшыратпауы керек, — деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, әрбір реформаны, әсіресе, білім саласындағы реформаны жүзеге асыру алдында оны жан-жақты саралау қажет, оның тиімділігіне әбден көз жеткізу керек.
— Реформа, бұл — бастапқы сынақ, эксперимент емес, бұл — жауапты шешім мен іс-шара. Үкімет педагогикалық жоғары оқу орындарының қызметін қайта қарау кезінде бұл мәселені міндетті түрде ескеруге тиіс. Ұстаздарды мектеп пен балабақшадағы жұмыстың кәсіби ерекшеліктеріне барынша бейімдейтін бірыңғай жүйе құру қажет деген ұсыныс бар екен. Оны жан-жақты қарап, қажет болса, іске асыру керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл іске әдістемелік орталықтар, мектепке дейінгі, орта және қосымша білім беру мекемелері белсене атсалысуға тиіс.
— Осы салаға жауапты министрліктер педагогтердің жаңа буынын даярлау үшін күш жұмылдыруы керек. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жұмыла әрекет ету қажет, — дейді Президент.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге тағы бес мыңнан астам мұғалім жетіспейтінін айтқан еді.
Сондай-ақ Президент еліміздегі мектеп құрылысын жандандыруды тапсырды.