Реформалар бағдарламасы айқын әрі дәйекті демократиялық дамуды көздейді - Әсемгүл Әшімова

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Реформалар бағдарламасы айқын әрі дәйекті демократиялық дамуды көздейді. Бұл туралы Ақмола облысы Зеренді ауданы Садовое ауылындағы «Milk Project» ЖШС директоры Әсемгүл Әшімова мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Реформалар бағдарламасы айқын әрі дәйекті демократиялық дамуды көздейді - Әсемгүл Әшімова

Кәсіпорын басшысының айтуынша, Ұлт көшбасшысының Үндеуі бұл елдің мүддесі мен заманның талабын, ұрпақтың болашағын ойлаған байлам. Президенттің әлеуметтік-экономикалық үрдістерін реттеудегі біршама өкілеттіктерін Үкімет пен атқарушы органдарға беруі өте дұрыс қадам. Бұл жағдайда биліктегілердің жауапкершілігі артады. Жауапкершілік болған жерде жұмыс алға баспақ.

«Әрине, билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты теңгерімді ету күрделі міндет. Бұл реформаның аясында Үкіметті жасақтау барысында Парламенттің рөлі күшеймекші. Сөйтіп, Парламент сайлауында жеңген партия Үкімет құрамын іріктеуге ықпал етіп, министрлер кабинетінің жауапкершілігін арттырады. Биліктің заң шығарушы тармағының атқарушы билікке бақылауын күшейтеді. Осы екі бағыт жауапкершілік пен кәсібилікті арттыру арқылы мемлекеттік басқару тиімділігін күшейтеді», деді Әсемгүл Әшімова.

Сонымен қатар, ол бұл реформаның негізгі мәні Елбасы өзінің бірқатар өкілеттігін Парламент пен Үкіметке беруінде, билік өкілеттіктерін сарабдалдықпен қайта бөлуде және тұтастай саяси жүйені демократияландыруда болып отырғанын ерекше атап өтуде.

«Елбасы өз үндеуінде: «Біз қаншалықты жетістіктерімізді айтқанмен, әлем көз алдымызда өзгеріп жатыр. Қоғамдық үдерістердің жылдамдығы мен күрделілігі Қазақстанда да байқалады. Бүгіннің өзінде келешек алдымызға міндетті түрде көлденең тартатын жаһандық және өңірлік сын-қатерлерге қалай қарсы тұратынымызды ойластыруға тиіспіз»,- деп атап өтті. Ал, Мемлекет басшысы болса, сыртқы саясатқа, ұлттық қауіпсіздік пен елдің қорғаныс қабілетіне күш-жігерін жұмылдырады. Үкімет пен Премьер-Министр актілері іс-әрекетінің күшін жою немесе тоқтату құқығынан бас тарта алады. Бұл атқарушы мемлекеттік органдар мен оның басшыларының жауапкершілігін арттырып, тиісті өкілеттіктер береді. Үкімет мүшелеріне Парламент палаталары тарапынан сенімсіздік білдіру тәртібін оңайлатқан жөн. Бұл биліктің заң шығарушы тармағының атқарушы тармаққа бақылау жасауын күшейтеді. Үкіметтің мемлекеттік бағдарламаларды бекіткені, бұл құрамға кірмейтін орталық атқарушы органдарды құруы мен таратуы жауапкершілікті арттыра түспек. Президент өкілеттіктерінің айтарлықтай бөлігін беру елді басқарудың неғұрлым тиімді, орнықты, қазіргі заманғы жүйесін құру үшін жасалған. Реформалар бағдарламасы айқын әрі дәйекті демократиялық дамуды көздейді. Мұны біздің сүт зауытының ұжымы да қолдайды», деп сөзін түйіндеді кейіпкеріміз.