Реформаны тек реформа үшін жүргізуге жол берілмейді - Тоқаев
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Реформаны тек реформа үшін жүргізуге жол берілмейді. Бұл туралы бүгін Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз елімізді реформалаудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Осы маңызды міндеттерді сапалы орындауымыз керек. Еліміздің әрбір тұрғыны оң өзгерісті сезінуі тиіс. Мен мемлекеттік органдардан жұмысты жедел атқарып, нақты нәтижеге қол жеткізуді талап етемін. Реформаны тек реформа үшін жүргізуге жол берілмейді», - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы әрбір министрде және әкімде нәтижелі жұмыстың негізгі көрсеткіштерінің тізімі болуы тиістігін айтты. «Сол арқылы олардың нақты мақсатқа қол жеткізу деңгейі анықталады. Үкімет мүшелеріне, мемлекеттік органдар мен өңірлердің, мемлекеттік компаниялардың және мекемелердің басшыларына тиісті реформаның жүзеге асырылуы үшін дербес жауапкершілік жүктеледі. Осыған байланысты жақында тиісті Жарлыққа қол қойдым. Бұл Жарлықтың аясында елдегі ахуал,соның ішінде аймақтардағы халықтың жағдайы сауалнама негізінде нақты бағаланатын болады», -деді ҚР Президенті.