Регбиші қыздарымыз Азия біріншілігінің қола жүлдегері атанды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Дубайда (БАӘ) регби 7х7 бойынша 17 жасқа дейінгі бұрымды қыздар арасында өткен Asia Rugby U17 Girls Sevens 2017 деп аталатын Азия біріншілігінде отандастарымыз қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған додаға жергілікті командадан тыс, Шри-Ланко, Иран, Жапония, Үндістан, Филиппин, Лаос, Гонконг, Қытай, Тайланд, Малайзия және Қазақстан спортшылары бақ сынады.
Азия біріншілігінің алғашқы күні қазақстандық арулар Иран құрамасымен кездесіп, 39:0 есебімен жеңіске жетсе, БАӘ командасымен өткен ойында 46:0 есебімен үстем түсті.
Ал екінші күні, яғни ширек финалда қазақстандық қыздар Таиланд құрамасын 14:2 есемен жеңсе, жартылай финалда Жапония құрамасымен кездесіп, 5:22 есебімен жеңіліс тапты. Осылайша Қазақстан құрамасы үшінші орынға таласуға мүмкіндік алды. Бұл ойында қыздарымыз Үндістан құрамасымен кездесіп, 24:5 есебімен жеңіп, Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.