Ректор тағайындайтын кезде оның бұрын ешқандай дау-дамайға ілікпегеніне, абырой-беделіне қараймыз — Саясат Нұрбек
АСТАНА. KAZINFORM — Отандық ЖОО ректорлары бір лауазымда екі мерзім ғана жұмыс істей алады. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтып берді.
«Сәуір айынан бастап ректорлыққа өтінім берген үміткерлер екі мерзім ғана жұмыс істей алатындай заңнамалық өзгерістер енгіздік. Бір мерзім үш жылдан, екі мерзім 6 жыл болады. Одан кейін басқа оқу орындарына ауыстырылады», — деп түсіндірді С. Нұрбек Орталық коммуникациялар қызметінде.
Сонымен бірге, ректорлыққа қойылатын талаптар да күшейтілді.
Енді бұл қызметке ректорлыққа академиялық салада кемінде 10 жыл тәжірибесі бар, оның ішінде 5 жыл басқарушы лауазымда жұмыс істеген, ғылыми дәрежесі бар, ағылшын тілін білетін үміткерлер қабылданады.
«Бұрын әлеуметтік желі мен БАҚ-та жағымсыз жайттарға, моральдық, репутациялық сын-қатерге ұшырамаған адамдар үміткер бола алады», — деп толықтырды министр.
Тілшілер бұған дейін он жыл бойы бір лауазымда отырған ректорларға жаңа заң қалай әсер ететінін сұрады.
«Жаңадан енгізілген заң бұрын қабылданған шешімдерге әсер ете алмайды. Осы өзгерістерге дейін тағайындалған ректорлар келісімшарты аяқталған соң ғана жаңа талаптармен жұмысын жалғастырады», — дейді С. Нұрбек.