Ренат Айтаев Президент Әкімшілігінде жаңа қызметке тағайындалды

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысының өкімімен Ренат Айтаев ҚР Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды, деп хабарлады Ақорда.

в
Фото: Үкімет

- Мемлекет басшысының өкімімен Ренат Құрметжанұлы Айтаев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды, делінген ақпаратта.

Ренат Айтаев 1976 жылы 10 қыркүйекте Өскемен қаласында дүниеге келген.

1998 жылы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін инженер-экономист мамандығы бойынша, 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1998 жылы «Демал-Шығыс» ЖШС-де экономика және қаржы жөніндегі директор қызметінен бастаған.

1999-2000 жылдары Шығыс Қазақстан облысының статистика органдарында жұмыс істеді.

2000-2003 жылдары Мемлекеттік кірістер министрлігінде түрлі қызмет атқарды. Ал 2003-2008 жылдары Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетінде басқарма бастығы болды.

2008-2009 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Ақпараттық қамтамасыз ету департаментін басқарды.

2009-2010 жылдары Индустрия және сауда министрлігінде салааралық үйлестіру және индустриялық саясат департаменттерінің директоры қызметтерін атқарды.

2010-2017 жылдары Премьер-министр Кеңсесінің Индустриялық-инновациялық даму бөлімінде меңгерушінің орынбасары, кейін бөлім меңгерушісі болды.

2017-2019 жылдары Премьер-министр Кеңсесі басшысының орынбасары әрі әдеп жөніндегі уәкіл қызметін атқарды.

2019-2022 жылдары Президент Әкімшілігі басшысы хатшылығының меңгерушісі болды.

2022 жылдың ақпан айынан бастап Парламент Мәжілісі аппаратының басшысы қызметін атқарған.

«Құрмет» (2013) және «Парасат» (2022) ордендерімен, сондай-ақ ІІІ дәрежелі «Еуразиялық экономикалық одақты құруға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталған.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының өкімімен Әлихан Қайыргелдіұлы Жамсатов ҚР Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау бөлімінің меңгерушісі лауазымынан босатылды.

Айта кетейік, бұған дейін Марат Ирменов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып тағайындалды.