Рентабельділігі төмен, шығыны көп жобалар компанияның құнын төмендетеді - Ө. Шөкеев

АСТАНА. 21 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Өмірзақ Шөкеевтің төрағалық етуімен «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының тәуелсіз директорларымен екі күндік кездесудің қорытындылары шығарылды.

Рентабельділігі төмен, шығыны көп жобалар компанияның құнын төмендетеді - Ө. Шөкеев

«Бәріміздің бір үстел басында жиналып, біздің компаниялардың даму мәселелерін, олардың өзіндік құны мен бәсекеге қабілетін арттыруды талқылап, пысықтағанымыз аса маңызды. Сіздер әр түрлі компанияларда жұмыс істесеңіздер де, біз бір топпыз. Әр шешімді қабылдаған уақытта біз осы маңызды мәселені есімізден шығармауға тиіспіз», - деп атап өтті Ө. Шөкеев отырыс барысында.

Сонымен қатар, ол ұлттық компаниялар басшыларына бұдан былай шығын шығаратын жобаларға қаражат салмауды тапсырды. Оның айтуынша, бүгінде басшылықтағылардың барлығы ұлттық компаниялардың қаражатын болашақсыз жобаларға салуды азайту қажеттігін түсінді.

«Біздің, яғни менеджменттің де, директорлардың да негізгі мақсаты -заңнамамызда жазылғандай, компанияның құнын жоғарылату. Президенттің де бізге тапсырғаны компанияға салынған әрбір теңге пайда әкеліп, компанияның құнын өсіруді қамтамасыз ету. Біз былтыр компаниялардың тек келешегі зор, тиімділігі жоғары жобаларға қаражат құюы керектігін дәлелдеп шығуға көп күш жұмсадық. Компанияға Үкіметтің тағы бір қалтасы ретінде қарап, бюджеттен тыс ақша алып, оларға әлеуметтік нысандар немесе тағы басқа шығыны мол жобалар жасауға болмайды. Қазір басшылықтағылардың барлығы мұндай тәжірибені азайтып, мейлінше қысқарту керектігін жақсы түсінеді», - деді Ө. Шөкеев.

Оның айтуынша, ҰӘҚ құрамына кіретін әрбір компанияның рентабельділігінің деңгейі көрсетілген. Менеджмент сол деңгейден төмен жобаларды ұсынуға құқығы жоқ. Ал егер рентабельділігі компанияның нарықтағы бағасынан асатын жобалар болса, оларды ұсынуға болады.

«Біз бұл жұмысты одан әрі жалғастыратын боламыз. Ал ондағы негізгі рөлді тәуелсіз директорлар атқарады. Менің сіздерден өтінерім: осындай мәселелер директорлар кеңесінде талқыланған кезде, өз ұстанымдарыңызды мықты ұстаңыздар. Өйткені рентабельділігі төмен, шығыны көп жобалар компанияның құнын түсіреді», - деді Ө. Шөкеев.

Қордың жақында тағайындалған басқарушы директоры Николас Малоун «Қор тобының ішіндегі синергия» атты бірінші сессия барысында ақпараттық технологиялар шеңберінде синергия бойынша айтылған мәселелерге тоқталып, өз көзқарасымен бөлісті.

Оның айтуынша, үдерістерді орталықтандыру көмегімен, сонымен қатар басқару білімі мен практикасының трансферті арқылы синергияға қол жеткізуге болады. Мұның артықшылығы Қордағы ақпараттық технологиялардың синергиясы атаулы-орталықтарда жинақталып, қолдау қызметі мен технологиялық үдерістер оңтайландырылатын болады. Бұл ретте «Адамдар-Үдерістер-Технологиялар» арасындағы өзара тығыз қатынас зор маңызға ие болмақ.

Айта кету керек, Қор адам капиталын дамыту жөнінде де үлкен жұмыс жүргізуде. Аталмыш кездесу барысында 2013-2022 жылдарға арналған Қордың кадр саясаты да талқыланған болатын.

Мамандардың атап өтуінше, кадр саясатында еңбек ресурстарының сапасын арттыруға, персоналды ұзақ мерзімді жоспарлауға, біліктілік талаптарын және кәсіби стандарттарды күшейтуге, оқу орталықтарын жаңғыртуға және дуалдық оқыту жүйесіне назар аударылады. Компаниялардың директорлар кеңестерінің тағайындаулар мен сыйақылар комитеттері Кадр саясатын іске асыруда негізгі рөл атқаруы қажет.

Бұдан басқа, Қор компаниялары топтарының үздік қызметкерлері енгізілген «Топ-100» бағдарламасы таныстырылды. Оған компаниялар топтарында қызмет атқаратын 35 қызметкер енгізілді. Барлығы да 3 кезеңнен тұратын сынақтардан сүрінбей өткен білікті мамандар. Басқарма төрағасы Ө. Шөкеевтәуелсіз директорларға осы бағдарламаға енгізілген компания қызметкерлерімен жеке-жеке танысуды және олардың дамуына мониторинг жүргізуді ұсынды.

Кездесуді қорытындылаған Ө. Шөкеев тәуелсіз директорларды аса белсенді болуға және Қор тобы компанияларының тиімділігін арттыруға күш-жігер жұмсауға шақырды. Сондай-ақ, кездесуге қатысушыларды 22-24 мамырда өтетін Астана экономикалық форумына белсене қатысуға шақырды.