Ренуар музейіне ұры түсті: 9 млн еуролық картиналар қолды болды

АСТАНА. KAZINFORM — Францияның Кань-сюр-Мер қаласындағы Пьер Огюст Ренуар музейінен екі картина ұрланды. Қалалық биліктің мәліметінше, музейге екі қылмыскер басып кірген. Бұл туралы BBC жазды.

Ренуар музейіне ұры түсті: 9 млн еуролық картиналар қолды болды
Фото: Renoir museum

Бастапқыда төрт картина ұрланды деген ақпарат тараған. Алайда кейін екі туындыны қылмыскерлер қашып бара жатқан кезде музейдің бақшасына тастап кеткені анықталды.

Nice-Matin басылымының мәліметінше, ұрланған төрт картинаның барлығын Ренуардың өзі салған. Олардың қатарында 1905 жылғы «Коко кітап оқып отыр», 1910 жылғы «Колонна Романо ханымның портреті», 1895 жылғы «Стивен Пишон ханымның портреті» және 1886 жылғы «Құдық басындағы қыз» туындылары бар.

Кейін Кань-сюр-Мер билігі қылмыскерлердің өздерімен бірге екі картинаны алып кеткенін нақтылады. Олар – «Колонна Романо ханымның портреті» мен «Құдық басындағы қыз».

Музейдегі дабыл жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 5:48-де іске қосылған. Бейнебақылау камералары ғимарат ішінде екі бөгде адамның жүргенін тіркеген. Полиция дабылдан бес минут өткен соң музейге жеткенімен, күдіктілер бұл уақытта оқиға орнынан қашып үлгерген.

Кань-сюр-Мер мэрі Бриан Массонның айтуынша, қылмыскерлер музей аумағына сым қоршауды кесу арқылы кірген. Полиция сиреналары мен дабылдың іске қосылуы оларды қашуға мәжбүр еткен.

Қазір қылмыскерлерді іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Істі Ниццадағы ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімі тергеп жатыр.

Мэрдің айтуынша, бастапқы есеп бойынша ұрланған картиналардың жалпы құны шамамен 9 млн еуроны (10,5 млн доллар).

Ренуар музейі туралы

Ренуар музейі Францияның Лазур жағалауындағы Кань-сюр-Мер қаласында, Ниццадан бірнеше минуттық жерде орналасқан. Музей 1960 жылы ашылған және суретші өмірінің соңғы 11 жылын өткізген бұрынғы жеке үйінде орналасқан.

Үй Жерорта теңізіне қарайтын төбеде тұр. Ғимараттың айналасында зәйтүн және цитрус ағаштары өсетін шағын бақ бар.

Музей қорында Ренуардың 12 картинасы мен ондаған мүсіні сақталған. Сонымен қатар мұнда Пьер Боннар мен Рауль Дюфи секілді басқа да суретшілердің туындылары қойылған.

Бған дейін Вена музейінен 600-ден астам гауһар тасы бар алқа ұрланған болатын.