Рэперден премьер-министрге дейін: Непал басшысы реформаларымен таныла бастады

АСТАНА. KAZINFORM – Рэперден Непал премьер-министріне дейінгі жолдан өткен Балендра Шах елдің саяси өміріндегі ең ерекше тұлғалардың біріне айналып, қоғамдағы өзгерістерге деген сұраныстың символы болып отыр, деп хабарлайды Kyodo.

Рэперден премьер-министрге дейін: Непал басшысы реформаларымен таныла бастады
Фото: Kyodo

Қызметіне кіріскеніне үш ай болған 36 жастағы үкімет басшысы заңсыз салынған құрылыстарды бұзу бойынша ауқымды науқан бастады. Бұл қадамдар батыл реформаларды күткен азаматтардың қолдауына ие болғанымен, құқық қорғаушылар мен қоғамның бір бөлігі тарапынан сынға да ұшырады.

Шах наурыз айында билікке келіп, әсіресе жастар арасында тез танымал болды. Олар оны дәстүрлі саяси элитаға балама ретінде қабылдайды. Алайда оның қатаң әрі даулы шешімдер қабылдауға дайын болуы қоғамдағы пікірталасты күшейтіп келеді.

Сәуір айының соңында билік Катмандудың оңтүстік шетіндегі өзен жағасында орналасқан ірі заңсыз қонысты жоюға кірісті. Операция кезінде аумақты полиция қоршауға алды. Қаңылтыр, ағаш және бамбуктан салынған үйлер сүрілді. Бұл жерде шамамен екі мың отбасы тұрған. Тұрғындардың басым бөлігі әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған топтарға жатады, ал аудан жаңбырлы маусым кезінде су тасқынынан жиі зардап шегеді.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұрынғы үкіметтер бұл қоныстың бар екенін білгенімен, қоғамдық наразылықтан қауіптеніп, нақты шара қолданбаған. Катманду қаласының мэрі болып тұрған кезінде Шах заңсыз құрылыс мәселесін шешуге талпынып көрген, алайда наразылықтарға тап болып, бастамасын соңына дейін жеткізе алмаған. Премьер-министр өкілеттігін алғаннан кейін ол бұл мәселеге қайта оралды.

Бұл жолы айтарлықтай қарсылық болған жоқ. Осындай жұмыстар астананың бірнеше ауданында және оның маңындағы аумақтарда да жүргізілді. Босатылған жерлерді билік жол салуға және қоғамдық кеңістіктер құруға пайдаланбақ.

Қоныс тұрғындарының бірі, 40 жастағы Сару Бастоланың айтуынша, тұрғындарға көшу туралы ескерту жұмыстар басталардан небәрі екі күн бұрын ғана берілген.

– Мен дамуға қарсы емеспін, бірақ бәрі тым жылдам болды, – деді ол.

Шамамен екі жүз отбасы мемлекеттен пәтер алған. Алайда Бастола олардың қатарына кірмеген және үйлері сүрілгеннен кейін тұрақты баспанасыз қалған.

Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы биліктің әрекетін сынға алып, көшіру жұмыстары барлық қажетті құқықтық рәсімдер сақталмай жүргізілгенін мәлімдеді.

Соған қарамастан Шахтың жастар арасындағы қолдауы жоғары деңгейде қалып отыр. Көптеген жас непалдықтар ұзақ жылдар бойы бір партиялар үстемдік еткен саяси жүйеден көңілі қалған.

Катмандудағы студенттер жаңа премьер-министр жемқорлық деңгейін төмендетіп, жаңа жұмыс орындарын ашады деп үміттенеді. Бірнеше жыл Жапонияның Кобе қаласында білім алған 23 жастағы Дипеш Будхатхокидің айтуынша, бұрынғы үкімет кезінде жемқорлық күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналған.

– Оли үкіметі кезінде (Непалдың бұрынғы премьер-министрі – ред.) тіпті паспорт алу үшін де шенеуніктерге 20 мың рупий көлемінде пара беруге тура келетін, – деді ол.

Еске сала кетсек, наурыз айында бұрынғы рэпер Балендра Шах Непалдың премьер-министрі болғанын жаздық.

Көп ұзамай наразылықтарды басып-жаншығаны үшін аталған елдің экс-премьері мен бұрынғы ІІМ басшысы ұсталды.