Republic Day және Bereke Fest акцияларының соңғы күні: мерекелік жеңілдікті пайдаланып үлгеріңіз
АСТАНА. KAZINFORM — 27 қазанда елімізде Республика күніне орай ұйымдастырылған Republic Day және Bereke Fest республикалық акциялары аяқталады. Тұтынушылардың тауарларды арнайы бағамен сатып алып, сауда орындарының мерекелік ұсыныстарын пайдаланып үлгеруіне бір күн қалды.
Еліміздің барлық өңірін қамтыған ауқымды акцияларға сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері мен сауда желілері, сондай-ақ маркетплейстер қатысып жатыр. Тауарлардың жекелеген санаттарына 50%-ға дейін жеңілдіктер қарастырылған.
Акцияларға 649 сауда нысаны қосылды. Оның ішінде Republic Day аясында 232 сауда-ойын-сауық орталығы, сауда орталығы мен сауда үйі және 417 сауда желісі қатысып жатыр.
Republic Day акциясы аясында сатып алушыларға киім-кешек, аяқ киім, тұрмыстық техника, үйге қажетті заттар және басқа да тауарлар арнайы бағамен ұсынылып жатыр. Ал Bereke Fest акциясы азық-түлік, күнделікті тұтыну тауарлары мен тұрмыстық химия өнімдерін тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік береді.
Сауда және интеграция министрлігі жергілікті атқарушы органдармен және аумақтық департаменттермен бірлесіп, акцияларды ұйымдастырып, сауда кәсіпорындарын тарту бойынша үйлестіру жұмыстарын жүргізді.
Еске саламыз, 27 қазан - Republic Day және Bereke Fest акцияларының соңғы күні. Ал жеңілдіктер мөлшері, акцияға қатысатын тауарлардың ассортименті және оларды сатып алу шарттары сауда нысанына байланысты әртүрлі болуы мүмкін.
Республика күніне орай еліміздің барлық өңіріндегі сауда орталықтарында акция болып жатқанын жазған едік.