Republic Day және Bereke Fest: Республика күніне орай сауда нысандары 50%-ға дейін жеңілдік ұсынады

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанда сатып алушыларға азық-түлік және азық-түлік емес тауарлардың кең ассортиментіне жеңілдіктер мен арнайы бағалар ұсынатын Republic Day және Bereke Fest республикалық акциялары жүріп жатыр.

Елімізде Республика күніне орай дүкендерде 50%-ға дейін жеңілдік болады
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

ҚР Сауда және интеграция министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Republic Day акциясына 232 сауда-ойын-сауық орталығы, сауда орталығы мен сауда үйі қосылды. Ал Bereke Fest акциясына 417 сауда желісі қатысуда. Екі акция да еліміздің барлық өңірін қамтиды.

Акциялар аясында тауарлардың әртүрлі санаттарына арнайы ұсыныстар қарастырылған. Жеңілдіктер мөлшері мен акцияларға қатысу шарттары нақты тауар түрлері мен сауда нысандарына байланысты. Жекелеген тауарларға 50%-ға дейін жеңілдік ұсынылады.

Екі акция ішкі сауданың әртүрлі форматтарын қамтиды. Republic Day - сауда-ойын-сауық орталықтарына, сауда орталықтары мен сауда үйлеріне бағытталса, Bereke Fest акциясы сауда желілерін қамтиды. Мұндай тәсіл мерекелік науқанның ауқымын кеңейтіп, кәсіпкерлердің акцияларға қатысуына қосымша мүмкіндік береді.

Акцияларға қатысатын сауда нысандарының толық тізімі мен мекенжайлары өңір әкімдіктерінің ресми интернет-ресурстарында жарияланған.

Осыған дейін Республика күніне орай ұйымдастырылған Republic Day және Bereke Fest республикалық акцияларына 232 сауда-ойын-сауық орталығы, сауда орталығы мен сауда үйі, Bereke Fest акциясына 417 сауда желісі қатысып жатқаны туралы жаздық.