Ресей, АҚШ және Украина арасындағы келіссөздің жаңа кезеңі қарашада өтуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Ресей президенті Владимир Путин қараша айының бірінші жартысында АҚШ пен Украина қатысатын үшжақты келіссөздерді қайта бастауға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.
Бұл туралы Ресей басшысының көмекшісі Юрий Ушаков Санкт-Петербургте Путиннің АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффпен кездесуінің қорытындысы бойынша хабарлады.
Кездесу үш сағатқа жуық уақытқа созылды. Ушаковтың айтуынша, негізгі тақырып Украинадағы қақтығысты реттеу мәселесі болды.
— Путин Стив Уиткоффқа Ресейдің қараша айының алғашқы онкүндігінде негізгі мәселе бойынша үшжақты келіссөздерді қайта бастауға дайын екенін хабарлады. Бұл мәселе Ресей мен Украина үшін қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруға қатысты, — деді Ушаков.
Оның сөзінше, тараптар Ресей, АҚШ және Украина өкілдерінің қатысуымен келіссөздерді қайта бастаудың ықтимал форматын талқылаған.
Сонымен қатар Уиткофф Ресей президентіне Ослода Украина президенті Владимир Зеленскиймен, Еуропа елдерінің, НАТО мен Еуропалық комиссияның өкілдерімен өткен келіссөздердің қорытындылары туралы ақпарат берген.
Ушаковтың айтуынша, тараптар тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу жолдары жөнінде де пікір алмасты.
Келіссөздерге бейнебайланыс арқылы Джаред Кушнер де қатысты. Денсаулығына байланысты ол Санкт-Петербургке келе алмады.
Ресей президентінің көмекшісі кездесуді мазмұнды әрі ашық өтті деп сипаттады.
Джаред Кушнер Украина мәселесі бойынша келіссөздерде «үміт ұялататын ілгерілеушілікке» қол жеткізілгенін мәлімдеді. Ол бұл туралы «Х» әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
- Әлі де атқарылатын жұмыс көп. Алайда бізде бұл соғысты еңсеріп, келесі ұрпақтарға ұзақ мерзімді бейбітшілік, қауіпсіздік пен өркендеудің негізін қалау үшін нақты мүмкіндік бар, — деп атап өтті ол.
Бұған дейін Владимир Путиннің кездесу барысында АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкіліне Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс мәселесіне көңіл бөлгені үшін алғыс айтқаны хабарланған болатын.