Ресей астанасындағы қоғамдық көлікте биометрия арқылы төлем жасау кеңейтіліп жатыр

МӘСКЕУ.KAZINFORM — Ресей астанасында Мәскеу орталық диаметрлерінде жолақыны бет-әлпетті тану арқылы төлеу қызметінің қолданылу аймағы кеңейіп жатыр. Биыл жаздан бастап мұндай төлем тәсілі Мәскеу орталық диаметрлеріндегі үш желісіндегі турникетте қолжетімді болады, деп хабарлайды агенттік тілшісі Мәскеу әкімшілігіне сілтеме жасап. 

Ресей астанасындағы қоғамдық көлікте биометрия арқылы төлем жасау кеңейтіліп жатыр
Фото: freepik.com

Хабарламада айтылғандай, бұл жазда бет-әлпетті тану арқылы төлем жасау бірінші, екінші және төртінші Мәскеу орталық диаметрлері желілерінде іске қосылады. Технология 74 станциядағы 326 өткелде енгізіледі. Ал 2026 жылдың соңына дейін биометрия арқылы төлем МОД-3 желісінде және жерүсті көлігінде де пайда болады.

— Мәскеу — биометрия арқылы төлем жасау қолжетімді көлік түрлерінің саны бойынша әлемдік көшбасшы. Ең ыңғайлы төлем сервисі метроның барлық станциясындағы барлық турникетте, Мәскеу орталық айналма жолынды, аэроэкспрессте, тұрақты өзен бағыттарында және Мәскеу орталық диаметрлерінің кейбір станцияларында жұмыс істейді. Қазірдің өзінде жүйеде шамамен 800 мың пайдаланушы тіркелген. 2021 жылы іске қосылған сәттен бастап жолаушылар бет-әлпетті тану арқылы 200 миллионнан астам рет өткен, — деді Мәскеу мэрінің көлік және өнеркәсіп мәселелері жөніндегі орынбасары Максим Ликсутов.

Диаметрлерде жүйе басқа көлік түрлеріндегідей жұмыс істейді: жолақы төлеу үшін турникеттегі камераға қарау жеткілікті. Қызметке «Метро Москвы» қосымшасы арқылы қосылуға болады. Ол үшін жеке кабинетте өз суретіңізді жүктеп, банк картасын тіркеу жеткілікті.

Сондай-ақ, нейрожелі пайдаланушының фотосын дербес деректерсіз символдар жиынтығына айналдыратыны атап өтіледі. Оны қайтадан суретке айналдыру немесе нақты пайдаланушымен байланыстыру мүмкін емес. Турникеттен өткен сәтте жүйе адамды фото немесе видеодан ажырата алады: жолаушының мимикасы мен қозғалысын талдайды. Технология банк деңгейіндегі қорғауға ие, барлық сервер Ресейде орналасқан, ал деректер сенімді түрде шифрланған.

Бұған дейін Астанада орнатылатын жаңа бейнебақылау камералары азаматтардың бет-әлпетін және мінез-құлқын танитыны туралы хабарланған еді.