Ресей астанасының орталығындағы Wildberries кеңсесінің жанында атыс болып, екі адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM - Мәскеу орталығындағы Wildberries кеңсесінің жанында атыс болып, бірнеше адам ұсталды. Бұл туралы ресейлік ТАСС агенттігіне құқық қорғау органының өкілдері хабарлаған.
«Қазіргі таңда бірнеше адам ұсталып, олардың барлығы Арбат аудандық ішкі істер милициясы бөліміне жеткізілді»,-деді агенттікке хабар таратқан адам.
Wildberries-тің негізін қалаушы Татьяна Бкальчуктың сөзінше, бұл - Владислав Бакальчук, Сергей Ануфриев және Владимир Бакиннің жетекшілігімен ұйымдастырылған сәтсіз рейдерлік басып алу әрекеті.
Татьяна Бакальчук өзінің үндеуінде құқық қорғау органы қызметкерлерінен жағдайды бақылауға алуды сұраған.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Wildberries-тің Ресей астанасы Мәскеу орталығындағы кеңсесінің алдында атыс болған. Алдын ала мәлімет бойынша 2 адам мерт болып, тағы жетеуі жарақат алған.
Бұған дейін Wildberries және Russ бірлескен компаниясының баспасөз қызметі онлайн ретейлердің серіктесі Владислав Бакальчуктің күзетшілерімен бірге кеңсеге баса көктеп кірмек болғаны хабарланды.
Айта кетейік, маусым айының ортасына таман Wildberries маркетплейсі мен сыртқы жарнама операторы Russ компаниясы жаңа цифрлық сауда платформасын құру үшін бірігетін болып шешкен. Владислав Бакальчук бұған қарсы болған. Ол «Вайлдберис» ашық акционерлік қоғамы акцияларының 1% ие. Қалған 99% компанияның негізін қалаушы, оның әйелі Татьяна Бакальчуктың иелігінде еді.
Wildberries пен Russ-тың баспасөз қызметі бірлескен компанияның осы оқиғалар кезінде де тұрақты жұмыс істеп жатқанын және өздерінің міндеттерін толық атқаратынын хабарлаған.
Татьяна Бакальчук 30 шілде күні Владислав Бакальчукпен ажырасу туралы сотқа арыз берген.