Ресей астық экспортына салынған мораторийді ұзартты

АСТАНА. Қазанның 23-і. ҚазАқпарат - РФ Үкіметі астық экспортына салынған мораторийді 2011 жылдың шілде айына дейін ұзартты. Бұл туралы Үкімет төрағасы Владимир Путин Дондағы Ростовта өткен ауыл шаруашылығын дамыту мәселелеріне арналған көшпелі кеңесте мәлім етті, деп хабарлайды Utro.ru басылымы.

Ресей астық экспортына салынған  мораторийді    ұзартты

Премьердің айтуынша, құрғақшылыққа қарамастан, елде 60 миллион тоннадай астық жиналып отыр. «Бұл өзіміз болжаған көлеммен шамалас. Біз енді қанша ресурсқа ие екенімізді және астық теңгерімі қандай болатынын анық біліп отырмыз», - деді Путин өз сөзінде.

Ауыспалы қорды, интервенциялық қор резервтерін қоса есептегенде, жиналған астықтың елдің сұранысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап көрсеткен В.Путин, «мал шаруашылығы үшін де астық жеткілікті. Бірақ та әзірге астық экспортынан бас тартуға тура келеді - ішкі азық-түлік нарығының тұрақтылығы біз үшін басымдықты мәселе болуы тиіс»,- деп түйіндеді өз сөзін.