Ресей автоөндірушілері Қазақстан нарығындағы позициясын жоғалта бастады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Маусым айында Ресейден келетін автокөліктердің саны 5,3 %-ға азайды. Ал, отандық өндірушілердің сату үлесі жалпы нарықтың 27,3%-ын құрап, бұрынғы көрсеткішті сақтап қалды.

Ресей автоөндірушілері Қазақстан нарығындағы позициясын жоғалта бастады

Мұндай деректі Қазақстан автобизнес қауымдастығы келтірді.

Ресми нарықта Ресей көліктерінің ең жоғары сатылымы 2015 жылдың ақпан айында тіркелген. Бұл айда 7076 автокөлік сатылған. Ал маусымда бұл көрсеткіш 20%-ға азайды.

Әсіресе, Ресейде шығарылған Lada, Hyundai, Kia, Uaz маркаларының сатылымы құлдилап кеткен.

Сарапшылардың айтуынша, бұл отандық көліктерге деген сұраныстың артып жатқандығын көрсетеді.

Сатылымның өсуіне негізінен жеңілдікпен несие беру бағдарламасы септігін тигізген.

Қазақстан даму банкі осы уақытқа дейін 3521 өтінімді қабылдап, 11 млрд теңге бөлді. Бағдарлама қаржысының 73,7%-ы игерілді.

Мұндай қолдау отандық өнімнің сатылымын екі есеге дейін арттырған.

Мамандардың айтуынша, күзге таман жеңілдікпен автонесие бағдарламасына сұраныс арта түспек.