Ресей аймағына қазақстандық астықты кіргізуге тыйым салынды деген ақпарат жалған - ҚР АШМ

Бұл жайында бүгін аталған ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, 2011 жылдың 18 қарашасында Қазақстанның және Ресейдің ақпараттық таспаларында Ресей Федерациясы аймағына қазақстандық астықты кіргізуге тыйым салынды деген ақпарат жарық көрген еді.
«Алайда, Краснодар аймағы бойынша «Россельхознадзордың» және Адыгея Республикасы бойынша аумақтық бөлімшесінің ақпаратына сүйенсек, қазастандық астық вагондары елге қайта жөнелтілген жоқ»,-делінген таратылған мәліметте. Атап айтқанда, астықты экспорттаушы - «Temirland-San» ЖШС компаниясы. Олар бидайды Ақмола облысынан тиеп алған.
Қазақстан Республикасы аумағынан астықты тиеу кезінде қажетті карантиндік сараптама өткізілген, оның қорытындысы бойынша мұнда ешбір карантиндік арамшөптер анықталмаған. Мұнан басқа, сондай-ақ бұл астықтың сараптамасын «Baltic control» халықаралық инспекциялық компаниясы да жүргізді. Олар да ешқандай карантиндік арамшөп тұқымдарын анықтаған жоқ.
«Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ресей Федерациясы аймағына қазақстандық астықты кіргізуге тыйым салынды деген ақпаратты шындыққа сай емес екендігін мәлімдейді. Қазақстандық астықты Ресей аумағына кіргізуіне тыйым салу фактілері енгізілмеген»,-деп айтылады баспасөз хабарламасында.